Нетаньяху Газа секторын толық басып алуды көздеп отыр — Израиль баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль үкіметінде Газа секторындағы әскери кампанияның болашағына қатысты келіспеушіліктер күшейіп келеді. Бұл Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың шабуылды күшейту және анклавты толығымен оккупациялау жоспары аясында болып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Нетаньяху Газа секторын толық басып алуды көздеп отыр — Израиль баспасөзі
Фото: x.com/@IsraeliPM

Израильдік The Times of Israel газетінің хабарлауынша, Нетаньяху үкімет мүшелеріне Газа секторын толық басып алу жоспарына үкіметтің мақұлдауын алғысы келетінін жеткізген. Бұл ниетке армия тарапынан қарсылық көрсетіліп жатқанына қарамастан, ол өз ұстанымында табандылық танытып отыр.

Израильдік БАҚ-тың жазуынша, премьер-министр кабинет мүшелерімен жабық кездесулерде алғашқы рет «секторды оккупациялау» деген тіркесті қолданған. Бұл мәлімдеме оның әскери стратегиясына қатысты риторикасының күрт күшейгенін көрсетіп отыр және операцияның болашағына қатысты пікірталастарды тереңдете түсті.

Армия қарсы

Әскери бағалау бойынша, қазіргі таңда Израиль күштері Газа секторының шамамен 75% аумағын бақылайды. Жаңа бастама қалған аумақтарда операция жүргізіп, секторды толық әскери бақылауға алуды көздейді.

Алайда Израиль Қарулы күштерінің басшылығы (ЦАХАЛ) бұл идеяға қарсы. Олардың пікірінше, ХАМАС-тың барлық инфрақұрылымын жою көп жылға созылуы мүмкін және тұтқындардың орналасқан орындарына жақындау олардың өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Болжам бойынша, израильдік күштер операцияларды тұтқындар ұсталып отырған аймақтарда да жүргізетін болады.

 — Шешім қабылданды, біз Газа секторын толық басып аламыз. Егер ЦАХАЛ Бас штабының бастығы бұған келіспесе орнын босатсын, — деген анонимді жоғары лауазымды шенеуніктің сөзі Ynet порталында жарияланды. 

Келіспеушілік күшейіп отыр

Израильдің 12-арнасы хабарлағандай, дүйсенбі күні Израильдің әскери-саяси басшылығында айқын бөліну байқалды.

Оккупацияны қолдайтындар қатарында:

Стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер,

Қаржы министрі Бецалель Смотрич,

Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир,

Премьер-министрдің әскери хатшысы генерал-майор Роман Гофман,

Үкімет хатшысы Йоси Фукс.

Қарсы тарапта:

ЦАХАЛ Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Эяль Замир,

Сыртқы істер министрі Гидеон Саар,

ШАС партиясының басшысы Арье Дери,

Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Цахи Ханегби,

«Моссад» барлау қызметінің басшысы Давид Барнеа,

ШАБАК қауіпсіздік қызметінің тұтқындар бойынша келіссөз жүргізушісі, «Мем» деген бүркеншік атпен танымал шенеунік,

Заложниктер мәселесін қадағалап отырған генерал-майор (отставкадағы) Ницан Алон.

Израиль оппозициясының жетекшісі Яир Лапид сейсенбі күні премьер-министрді армия басшылығымен келіспеушіліктерді жария түрде көрсету арқылы ішкі саяси ахуалды ушықтырды деп айыптады. Ол мұндай маңызды мәселелердің жабық есік жағдайында талқылануы тиіс екенін атап өтті.

Алда болатын шешім

Сейсенбі күні Нетаньяху кеңейтілген үкімет отырысын шақырып, әскери операцияның келесі кезеңіне рұқсат алатынын растады.

Күні бойы премьер-министр қорғаныс министрі, ЦАХАЛ Бас штабының бастығы, министр Дермер және ЦАХАЛ-дың операциялық басқарма жетекшісімен шектеулі құрамда жұмыс кездесуін өткізеді деп күтілуде.

12-арнаның хабарлауынша, бұл кездесуде операцияның мүмкін болатын бірнеше сценарийі ұсынылады. Қорытынды шешім осы апта ішінде үкіметтің бекітуіне шығарылады.

Соңғы жаңалықтар