Нетаньяху ХАМАС мүшелеріне рақымшылық жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді
АСТАНА.KAZINFORM - Израиль премьер-министрінің мәлімдемесі Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу қарсаңында айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Fox News арнасына берген сұхбатында ХАМАС жетекшілері барлық израильдік кепілге алынғандарды босатып, Газа секторынан кетуге келіссе, оларға рақымшылық жасауға дайын екенін айтты.
- Егер ХАМАС жетекшілері соғысты тоқтатып, кепілге алынғандардың барлығын босатса, біз олардың кетуіне рұқсат береміз, - деген ол алдағы әрекеттер әлі талқыланып жатқанын баса айтты.
Оның сөздері Трамп әкімшілігі әзірлеген АҚШ-тың бейбітшілік жоспары туралы тарап кеткен ақпаратты растады.
23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында Трамп араб және мұсылман мемлекеттерінің басшыларына Газа секторына арналған 21 тармақтан тұратын жоспарды таныстырды, онда ХАМАС-ты болашақта аумақты басқаруға қатысу мүмкіндігінен айыру ұсынылған.
Жобаға сәйкес, ХАМАС содырлары 48 сағат ішінде кепілге алынған 48 Израиль азаматын босату керек, содан кейін оларға анклав аумағынан өтуге рұқсат беріледі. Өз кезегінде Израиль соғыс басталғалы қамауға алынған жүздеген палестиналық тұтқынды босатып, қаза тапқан палестиналықтардың денесін тапсырады.
Жоспар Газа секторында халықаралық тұрақтандыру күштерінің қатысуымен палестиналық технократтардан тұратын уақытша әкімшілік құруды көздейді. Бұл күш қауіпсіздік пен жаңа Палестина полициясының дайындығына жауапты болады.
Сондай-ақ құжатта Нетаньяхудың билікті Палестина ұлттық билігіне беру мүмкін еместігі туралы мәлімдемелеріне қайшы келетін «Палестина мемлекеттілігіне сенімді жол» туралы тармақ бар.
Жоспар Трамптың басып алынған Батыс жағалауды аннексияламау туралы уәдесін қамтиды және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін араб және мұсылман елдерінің әскери қолдау көрсетуін қарастырады.
Ішкі саяси факторларға байланысты Израильдің өзінде жағдай қиындады.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Нетаньяху соңғы күндері өзінің жақын кеңесшілерімен, соның ішінде АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен позицияларын келісу мақсатында жабық кездесулер өткізген.
Алайда, Нетаньяхуға Израильдің басқарушы коалициясы ішінде ХАМАС-қа қатысты кез келген жеңілдікке үзілді-кесілді қарсылық білдіретін оңшыл серіктестері тарапынан қысым күшейіп келеді.
ХАМАС-қа рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы ақпарат израильдік оңшыл топтардың өткір реакциясын тудырды.
Вашингтондағы және араб елдеріндегі оптимизм АҚШ президентінің өзі осы тұста оптимистік танытып отыр. Әлеуметтік желідегі жазбаларында Дональд Трамп «барлық тарап алғаш рет ерекше жаңалыққа елеңдеп отыр» және келісім жақын күндері жариялануы мүмкін деп мәлімдеді.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сондай-ақ келіссөздердің «қиын, бірақ соңғы айларға қарағанда үміт күтерлік» екенін атап өтті.
Жарияланған мәліметтер араб әлемінде де қызу реакция тудырды. Иордания королі ІІ Абдалла жоспардың көп тармағы араб елдерінің бұрын айтылған ұстанымдарына сәйкес келетінін, бірақ соңғы нұсқасы айтарлықтай түзетулерді қажет ететінін атап өтті.
Сондай-ақ араб БАҚ-тары Израильдің Қатардағы нысандарға жақында жасаған соққыларына қатысты алаңдаушылықты атап өтті, бұл Доханың делдал ретіндегі рөлін қиындатуы мүмкін.
Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде Нетаньяхуды қабылдайтыны хабарланды. Америка әкімшілігі келіссөз нәтижесінде мәміленің параметрлері бойынша келісім туралы хабарландыруға әкелу мүмкіндігін жоққа шығармайды, бірақ Израиль басшылығы негізгі мәселелерде «маңызды келіспеушіліктер» бар екенін мойындайды.
Осыған дейін Газада қаза тапқандардың саны 66 мыңнан асқаны туралы жаздық.