Нетаньяху Иранның Израильге қатысты мәлімдемесін күмәнмен қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – ТАСС хабарлағандай, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран СІМ басшысы Аббас Арагчидің Ислам Республикасы Израиль өзінің агрессиясын тоқтатса, еврей мемлекетіне соққы беруді тоқтатуға дайын екендігі туралы мәлімдемесіне күмәнмен қарады.

Нетаньяху Иранның Израильге соққы жасауды тоқтатуға дайын екені туралы сөзін күмәнмен қабылдады
Фото: видеодан алынған скрин

Оның ойынша, Иран мұндай мәлімдеме жасау арқылы «жаман ниетпен әрекет етіп жатыр».

– Мәселе деэскалацияда емес. Мәселе атысты тоқтатуда емес. Мәселе біздің өмір сүруімізге қауіп төндіретін нәрсені тоқтатуда және біз оларды тоқтатуға ниеттіміз, - деп қосты Нетаньяху.

Бұған дейін Арагчи Иранның қорғанысы «толық заңды» және «[Израильдің] агрессиясы тоқтаса, Тегеранның жауап әрекеттері де тоқтайды» деп мәлімдеді. Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі сондай-ақ Израильдің «ядролық мәселеде ешқандай келісімге қол жеткізгісі, келіссөз жүргізгісі келмейтінін және дипломатияны қаламайтынын» атап өтті.

Би-би-си хабарлағандай, Иран мен Израиль жексенбіде бір-біріне соққы жасады.

АҚШ президенті Дональд Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында АҚШ Иран-Израиль қақтығысына араласуы мүмкін екенін айтты.

Ол егер Владимир Путин Иран мен Израиль арасында бейбітшілік орнатуда делдал рөлін өз мойнына алса, қарсы болмайтынын баса айтты.

Израильдің төтенше жағдайлар қызметі Хайфада Иран зымыранынан кейін басталған өрт туралы хабарлады.

Израиль Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігіне тиесілі ғимараттардың біріне соққы берді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

– Израиль Иран Сыртқы істер министрлігінің ғимараттарының біріне қасақана және аяусыз соққы берді. <…> Бірнеше бейбіт тұрғын, соның ішінде менің әріптестерім де жараланды, - деп жазды ол Х желісінде.

Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.

ИРНА ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран зымырандары Тель-Авив, Хайфа және Ашкелонға жеткен.

13 маусымға қараған түні Израиль Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған операциясын бастады. Бір тәулік өтпей-ақ Ислам Республикасы жауап ретінде шабуыл жасады. 14 маусым мен 15-іне қараған түні Израиль мен Иран тағы бір-біріне соққы берді.

Соңғы жаңалықтар