Нетаньяху Иранның ядролық бағдарламасын талқылау үшін Вашингтонға бара жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер өткізу үшін Вашингтонға аттанды. Сапар Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Вашингтон мен Тегеран арасындағы диалог қайта жанданған тұста өтіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Израильдік БАҚ үкіметтегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, кездесудің негізгі тақырыбы Иранның ядролық бағдарламасы және АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің барысы болмақ.
Израиль премьер-министрінің кеңсесі таратқан мәліметке сәйкес, Нетаньяхудың АҚШ президентімен кездесуі бастапқыда кейінге жоспарланған. Алайда Израиль тарапының бастамасымен сапар белгіленген мерзімнен бұрын жүзеге асырылды.
Ақпаратқа қарағанда, бұл шешімнің мақсаты – Израильдің ұстанымын АҚШ басшылығына тікелей жеткізу және Иранға қатысты жаңартылған барлау мәліметтерін ұсыну. Сондай-ақ Нетаньяху ықтимал келісімшарттарды қатаңдатуды қолдап, келіссөздер күн тәртібіне Иранның зымыран бағдарламасы мен өңірлік қарулы топтарға көрсетіп отырған қолдау мәселелерін енгізуді талап етуі мүмкін.
Бұған дейін хабарланғандай, Нетаньяху мен Трамптың кездесуі Ақ үйде сәрсенбі күні, 11 ақпанда өтеді деп жоспарланған.
Алдағы сапарға Иран тарапынан да реакция білдірілді. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи Тегеран сыртқы араласу әрекеттерін дипломатиялық процеске нұқсан келтіретін фактор ретінде бағалайтынын мәлімдеді.
– Келіссөздердегі біздің қарсы тарапымыз – Америка Құрама Штаттары. Сондықтан дәл солар қысым мен өңірге зиян келтіретін деструктивті ықпалдарға тәуелсіз әрекет ете алатынын көрсетуі тиіс, – деді Иран СІМ өкілі.
– Америка Құрама Штаттары өз сыртқы саясатын өзге елдердің айқындауына жол бермеуі керек, – деп атап өтті Эсмаил Багаи.
Ирандық тараптың пікірінше, Израиль бұған дейін өңірдегі дипломатиялық бастамаларға қарсы шығып, шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған кез келген процесті бұзуға ұмтылған.
Еске салайық, Тегеран мен Вашингтон өткен аптада Оман астанасы Маскатта жанама келіссөздерді қайта бастаған болатын. Иран билігі диалог тек ядролық мәселе мен санкцияларды алып тастау тақырыбымен шектелуі тиіс екенін, ал зымыран бағдарламасы мен өңірлік саясатты талқылауды қабылдамайтынын мәлімдеген.
Бұған дейін Иран президенті Масуд Пезешкиан Оман аумағында өткен келіссөздерді алға жасалған қадам деп атап, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт аясында Иран құқықтары сақталған жағдайда дипломатиялық бағытты ұстануға дайын екенін растаған еді.
АҚШ тарапы да Тегеранмен байланыстарды алдағы уақытта жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, келіссөздердің алдыңғы кезеңін конструктивті деп бағалаған.