Нетаньяху Израиль АҚШ-тың әскери көмегінен бас тартуы мүмкін екенін болжады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ел АҚШ-тан жыл сайын алатын америкалық әскери көмек мәселесін қайта қарау қажеттігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы.

Израильдік «Маарив» газетінің хабарлауынша, министрлер кабинетінің басшысы бұл туралы парламенттің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің жабық отырысында мәлімдеді.
— Біз қару-жарақ үшін шамамен 4 миллиард доллар алып отырмыз. Менің ойымша, бір кездері экономикалық көмектен шаршағанымыздай, осыдан да шаршаймыз, — деп келтірді басылым Нетаньяхудың сөздерін.
KAN да осыған ұқсас ақпаратты таратты.
— Біз қауіпсіздік саласындағы америкалық көмек алуды тоқтатуға мәжбүр боламыз деп шамалаймын, — деп келтірді мемлекеттік телеарна үкімет басшысының сөзін.
Бірқатар израильдік БАҚ бұл сөздерді Нетаньяху мен Трамп арасындағы қарым-қатынастың салқындағанының белгісі деп түсіндіріп отыр.
Атап айтқанда, АҚШ-тың Иранмен келіссөзінің басталуы, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолцтың қызметінен босатылуы, сондай-ақ Вашингтонның йемендік хуситтермен атысты тоқтатуды қолдауына назар аударылып отыр.
Баспасөз хабарларына қарағанда, Трамптың Нетаньяхудан «көңілі қалды» және Таяу Шығыстағы саясатын Израиль көшбасшысының қатысуынсыз құру мәселесін қарастырып отыр.
АҚШ пен Израиль 2016 жылы 10 жылдық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ол 2028 жылға дейін 38 млрд доллар көлемінде әскери көмекті қарастырады.
Сонымен қатар, 2019 жылы қол қойылған келісім бойынша АҚШ Израильге жыл сайын шамамен 3,8 млрд доллар көлемінде әскери көмек көрсетіп жатыр.
Бұған дейін Трамп Нетаньяхумен кездесуде Газа секторын бақылауға алу идеясын тағы да алға тартты.