Нетаньяху: Израиль Тегеранның өз территориясына жасаған соққыларына жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сейсенбі күні кешке Израильге баллистикалық зымыранмен жаппай шабуыл жасаған Иран «үлкен қателік жасағанын және оның құнын өтейтінін» мәлімдеді, деп хабарлайды BBC News.

«Иран үлкен қателік жасады, сол үшін жауап береді. Ирандағы режим біздің өзімізді қорғауға және дұшпандарымыздан кек алуға бел байлауымызды түсінбейді. Біз белгілеген ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз оған шабуыл жасаймыз», — деді ол.
Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниэль Хагари де Тегеран әрекетінің салдары ауыр болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль мен Американың әуе қорғанысы жүйелері Ираннан ұшырылған зымырандарға қарсы тиімді жұмыс істеген.
«Иран Таяу Шығысты шиеленіске итермелеп отыр. Бүгінгі оқиғалардың салдары болады», — деді ол.
Иранның шабуылынан бірнеше сағат өткен соң Израиль әскерилері Бейруттегі «Хезболла» нысандарына жаңа шабуылдар жасады.
АҚШ президенті Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Иран соққыларын «маңызды шиеленіс» деп атап, Тегеранның барлығы 200-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырғанын хабарлады (Иранның мемлекеттік телеарнасы кейінірек дәл осындай санды жариялады).
Салливан Израильдің немесе АҚШ-тың кек алу мүмкіндігі туралы түсінік беруден бас тартты, бірақ америкалық эсминецтер Израильге Иран зымырандарын атып түсіруге көмектескенін растады.
Пентагон өкілі Пэт Райдердің брифингте мәлімдеуінше, шабуылды тойтаруға Жерорта теңізінде орналасқан АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі эсминеці қатысқан.
АҚШ әскері сейсенбі күнгі соққылар Иранның осы жылдың сәуір айында Израильге жасаған алғашқы шабуылынан «екі есе үлкен» екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Джо Байден Вашингтон Израильді толығымен қолдайтынын айтты.
Байденнің айтуынша, оның тікелей нұсқауымен АҚШ әскері соққы кезінде «Израильдің қорғанысына белсенді түрде қолдау көрсетті».