Нетаньяху келесі аптада Трамппен Ақ үйде кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM  - Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамп екінші президенттік мерзімі басталғалы кездесетін алғашқы шетелдік көшбасшы болайын деп тұр, деп хабарлайды Global News.

Нетаньяху келесі аптада Трамппен Ақ үйде кездеседі
Фото: Amos Ben Gershom/IMAGO/ZUMA Press Wire

Жіберілген шақыруда тараптар 4 ақпанда кездесуге келісті, деп хабарлайды NBC News.

- Мен Израильге және оның көршілеріне қалай бейбітшілік әкелетінімізді және ортақ қарсыластарымызға қарсы тұру әрекеттерін талқылауды асыға күтемін, - деп жазды Трамп сейсенбіде Нетаньяхуға жазған хатында.

Газада мыңдаған адамның өмірін қиған, палестиналықтарды көшірген және кепілге алынғандардың болашағы белгісіз болған, 15 айға созылған соғыстан кейін Израиль мен ХАМАС осы айда атысты тоқтатуға қол жеткізді.

Трамп Иордания мен Мысырға палестиналық босқындарды көбірек қабылдауды ұсынды. Бұл пікірлерді ультра ұлтшыл израильдік саясаткерлер құптады.

Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф осы аптада Трамп екінші мерзімге билікке келгеннен кейін Таяу Шығысқа жасаған алғашқы сапарында атысты тоқтату және басқа да аймақтық мәселелерді талқылау үшін Израильге барады. Ол өзінің сапары барысында Газа секторына баруға ниетті екенін ашық айтты.

Нетаньяху Ақ үйге соңғы рет өткен жылдың шілде айында президент Джо Байденмен кездесу үшін келген.

Израиль палестиналықтардың Газа секторының солтүстігіне жаппай оралуына рұқсат бергені туралы бұған дейін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар