Нетаньяху Ливанмен тікелей келіссөздерді бастауға тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан билігімен тікелей келіссөздерді бастау туралы тапсырма бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

Нетаньяху
Фото: Анадолу

«Ливан тарапынан бірнеше рет тікелей келіссөз бастау туралы өтініштер түскенін ескере отырып, кеше үкіметке бұл үдерісті мүмкіндігінше тез бастауға тапсырма бердім», – деді ол.

Нетаньяхудың айтуынша, келіссөздердің негізгі тақырыптары «Хезболланы» қарусыздандыру және Израиль мен Ливан арасында бейбіт қатынас орнату болмақ.

«Израиль Ливан премьер-министрінің Бейрутты демилитаризациялау туралы үндеуін құптайды», – деп қосты ол.

BBC мәліметінше, Жозеф Аун кеңсесі CNN телеарнасына Нетаньяхудың мәлімдемесіне қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Сондай-ақ Израильдің Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операциясы бітім шарттарын түсіндіруде негізгі даулы мәселелердің бірі болып отыр.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде BBC-ге берген сұхбатында: «Израильдің 8 сәуірдегі Ливанға жасаған соққылары АҚШ пен Иран арасындағы бітімді өрескел бұзу болып табылады», – деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ливандағы соққылар салдарынан 200-ден астам адам қаза тапқан.

Хатибзаде сондай-ақ: «Егер АҚШ агрессиясын тоқтатса, Ормуз бұғазы қайта ашылады», – деді.

Айта кетейік, бұған дейін Израильдің Газаға шабуылдарды жалғастырып жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар