Нидерланд алғаш рет Израильді ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ел деп таныды
АСТАНА. KAZINFORM — Нидерланд лаңкестікке қарсы агенттігінің баяндамасында Израиль мен АҚШ қауіп-қатер төндіретін елдер аталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Нидерланд тарихында алғаш рет Израильді ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін елдер тізіміне қосты. Бұл туралы Әділет және қауіпсіздік министрлігі жанындағы Қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы ұлттық үйлестіруші (NCTV) — елдің лаңкестікпен күрес жөніндегі бас агенттігі баяндамасында хабарланды.
Баяндама «Шетелдік мемлекеттер тарапынан қауіп-қатерді бағалау» деп аталады, онда Израиль мен АҚШ әрекеттері Нидерланд қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін елдер ретінде аталды.
Атап айтқанда, Израиль ел билігінің келісімінсіз Нидерланд азаматтарының жеке деректері бар құжаттарды таратып, жалған ақпарат тарату науқандарын қолданып елдегі қоғамдық пікір мен саяси шешімдерге ықпал етуге әрекеттенген делінеді.
«Маккаби» жанкүйерлері
Баяндамаға сәйкес, 2024 жылдың қарашасында Амстердамда «Маккаби Тель-Авив» клубының жанкүйерлері тудырған тәртіпсіздіктерден кейін Израиль билігі голландиялық тілшілер мен шенеуніктерге Нидерланд азаматтарының жеке деректері бар материалдарды таратқан. Бұл әділет және қауіпсіздік министрліктерінде, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінде алаңдаушылық тудырды. Олар зардап шеккендерге қатысты қудалау, қорқыту және тіпті ықтимал зорлық-зомбылық қаупі туралы ескертті.
— Біз ақпараттық кеңістікке ықпал ету және мемлекетаралық өзара іс-қимылдың дәстүрлі арналарын айналып өту әрекеттерін байқап отырмыз, — делінген хабарламада.
Сотқа қоқан-лоққы көрсету
Құжатта сондай-ақ Израиль мен АҚШ тарапынан Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚК) қауіп төніп тұрғаны атап өтілген. Баяндамада сотқа қарсы қысым мен қоқан-лоққы оның жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін екендігі атап өтілді.
Еске сала кетсек, 2024 жылы сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантты Палестина аумағында әскери қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алуға ордер берген болатын. Осыдан кейін АҚШ сотқа санкция салды, ал Израиль тарапы қысым жасау науқанын күшейтті.
Былтыр мамыр айында ХҚС Израиль мен АҚШ билігі Израиль басшылығының өкілдерін тұтқынға алуға ордер берген жағдайда соттың зардаптары туралы ескерткеннен кейін оған қарсы қоқан-лоққыны тоқтатуды талап еткен.
Karim Khan, the British chief prosecutor of the International Criminal Court was warned in May that if arrest warrants for Israeli Prime Minister Benjamin Netanyahu and former Defence Minister Yoav Gallant were not withdrawn, he and the ICC would be «destroyed», Middle East Eye… pic.twitter.com/OQXpR1XNAk
— Middle East Eye (@MiddleEastEye) July 15, 2025
Аумағында Халықаралық сот пен БҰҰ Халықаралық сотын қоса алғанда халықаралық сот органдары орналасқан Нидерланд олардың тәуелсіздігі мен үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өзінің ерекше жауапкершілігін атап көрсетеді.
Бақылаушылардың атап өтуінше, бұл баяндама бірнеше еуропалық ел, соның ішінде Нидерланд, Ирландия және Испанияның Газа секторындағы жалғасып жатқан әскери операцияға және сектордағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Израильді сынауының күшеюі тұсында жасалған.
«Нон грата» министрлері
Голландиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Нидерланд билігі Израиль үкіметінің мүшелері — Қаржы министрі Бецалель Смотрич пен Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвирдің елге кіруіне тыйым салған.
BREAKING:
— Globe Eye News (@GlobeEyeNews) July 29, 2025
The Netherlands has banned Israeli ministers Ben-Gvir and Smotrich from entering the country. pic.twitter.com/DnUvhFsEtT
Algemeen Dagblad газетінің мәліметінше, Нидерландтың сыртқы істер министрі Каспер Вальдекамп парламентке хат жолдап, онда бұл тыйым екі израильдік саясаткердің де «тұрғындарды Палестина халқына қарсы бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсетуге шақыруы және… Газада этникалық тазалауды талап етуіне» байланысты екенін атап өтті.
— Маған бүкіл Еуропада тыйым салынса да, мен еліміз үшін күресуді, ХАМАС-ты жойып, жауынгерлерімізді қолдауды жалғастырамын. Біздің жауларымыз — қатыгез өлтірушілер мен зорлаушылар, бірақ Еуропада өзін қорғаған адам кінәлі. Олар сол жерде лаңкестерді қабылдайды, бірақ еврей министрін — жоқ, — деп жазды Бен-Гвир Нидерланд шешіміне жауап ретінде X-тегі платформасында.
Кіруге тыйым салу туралы шешім Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф ел Израильдің ғылыми жобаларын қаржыландыруды ішінара тоқтату туралы ЕО бастамасын қолдаумен қатар, Израильге қарсы ұлттық шаралар енгізуді қарастырып жатқанын мәлімдегеннен кейін көп ұзамай қабылданды.
Бұған дейін Газа секторына жасалған Израиль соққыларынан 30-дан астам адам қаза тапқанын жазғанбыз.