Нидерланд-Аргентина: Әлем чемпионатының 1/2 финалына жолдама кімге бұйырады
Кездесу елорда уақытымен 1.00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Лусаил қаласындағы 89 мыңға жуық орынға есептелген «Лусаил Айконик» стадионында өтеді.
Бас төреші – испаниялық Антонио Лаос. Оған отандастары Пау Себриан Девис пен Роберто Диас Перес Дель Паломар көмекші болады. Қосалқы төреші – Оңтүстік Африкадан келген Виктор Гомес.
FIFA рейтингінде Нидерланд – 8, Аргентина 3-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін тоғыз мәрте кездесті. Төртеуінде нидерландтықтар, біреуінде аргентиналықтар жеңіске жетсе, төрт кездесу тең нәтижемен аяқталды.
2014 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалда Аргентина Нидерландпен негізгі кезеңде 0:0 есебімен тең түсіп, пенальтиде 4:2 есебімен қапы қалдырды. Сол кеткен есені нидерланд футболшылары қайтара ала ма?
Топтық кезеңде А тобында ойнаған Нидерланд Сенегал мен Қатардан 2:0 есебімен басым түсіп, Эквадормен 0:0 есебімен тең ойнады. 1/8 финалда АҚШ құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал С тобында Аргентина Сауд Арабиясына 1:2 есебімен есе жіберіп, Мексика мен Польшаны 2:0 есебімен жеңді. 1/8 финалда Австралияны 2:1 есебімен ұтты.
Әлем чемпионатында Нидерланд 1974, 1978, 2010 жылда күміс жүлдегер атанды.
Аргентина құрамасы 1978, 1986 жылдарда әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Сондай-ақ 9 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де Хорватия мен Бразилияның 4/1 кездесуі «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.