Нидерланд парламенті отшашулар мен мерекелік жарылғыш заттарға тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM – Нидерландыда алдағы жаңа жыл түні тұрғындар отшашулар мен тұрмыстық жарылғыш заттарды соңғы рет қолдана алады, деп хабарлайды BILD.
Парламент қабылдаған шешімге сәйкес, келесі жылдан бастап мұндай бұйымдарды жеке тұлғалардың пайдалануына толық тыйым салынады. Енді отшашуларды тек кәсіби шоу ұйымдастырушылары ғана қолдана алады.
Тыйым күшіне енетінін ескерген тұрғындар жаңа жыл қарсаңында отшашу сатып алуға асыққан. Соның салдарынан отшашу өнімдерінің сатылымы күрт өсіп, биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артады деп күтіліп отыр. Осыған байланысты өрт сөндіру қызметі, ауруханалар мен полиция алдағы түннің ауыр өтуі мүмкін екенін ескерткен.
Полиция мәліметінше, соңғы айларда қуаты жоғары жарылғыш заттардың заңсыз әкелінуі де көбейген. Желтоқсан айының ортасына дейін құқық қорғау органдары 65 мың келіден астам заңсыз пиротехникалық бұйымды тәркілеген. Қараша айынан желтоқсанның ортасына дейін осындай жарылғыш заттарды қолдану салдарынан көптеген адам жарақат алған. Қол хирургиясы қауымдастығының дерегінше, он жасөспірімнің қолы немесе саусақтары кесілген.
Ал 2024 жылы мұндай жағдайлар небәрі төрт рет тіркелген.
I&O Research институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Нидерланд тұрғындарының 62 пайызы отшашулар мен жарылғыш заттарға тыйым салуды қолдайды. Соңғы жылдары полицейлер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар отшашуларды пайдалану кезінде жиі шабуылға ұшырап, жарақат алған. Осыған байланысты дәрігерлер, полиция, муниципалитеттер, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғаушылар бұл тыйымды көптен бері талап етіп келген.
Бұған дейін Германияда дәрігерлер отшашуға тыйым салуды ұсынды.