Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Нидерландыда бала туу рекордтық деңгейге дейін төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Нидерландыда бала туу көрсеткіші айтарлықтай төмендеп, халықтың қартаюына қатысты алаңдаушылық күшейді, деп хабарлайды NU.nl басылымы.

Нидерландта бала туу көрсеткіші рекордтық деңгейге дейін төмендеді
Фото: pexels.com

2025 жылы елдегі туу коэффициенті 1,42-ні құрады. Бұл статистика жүргізіле бастағаннан бергі ең төмен көрсеткіш. Ал көші-қонды есептемегенде халық санын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін бұл көрсеткіш шамамен 2,1 болуы қажет.

Демограф Ян Латтеннің айтуынша, жастардың бала сүюге деген ниеті айтарлықтай өзгермеген. Орта есеппен олар әлі де екі балалы болғысы келеді. Алайда тұрғын үй тапшылығы, табыстың тұрақсыздығы және әлеуметтік-экономикалық жағдай көптеген адамның бұл жоспарын жүзеге асыруына кедергі келтіреді.

Нидерланд статистика басқармасының (CBS) бас әлеуметтанушысы Танья Трааг жалдамалы баспанада тұратындар мен өмір сүру құны жоғары өңірлердің тұрғындары арасында бала туу көрсеткіші төмен екенін атап өтті. Бұған қоса, соғыстар мен климаттың өзгеруіне байланысты белгісіздік те әсер етіп отыр.

– Сарапшылар туу деңгейінің ұзақ уақыт бойы төмен болуы еңбек нарығы мен денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіретінін ескертеді. Болашақта зейнеткерлер саны көбейген кезде оларды қамтамасыз ететін еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі азаюы мүмкін, – деп жазды нидерландылық басылым.

Қазір Нидерланд халқы негізінен көші-қон есебінен өсіп келеді. Алайда мамандар миграцияны мәселенің ұзақмерзімді шешімі деп санамайды.

Мұндай жағдай басқа елдерде де байқалады. Мәселен, Оңтүстік Кореяда туу коэффициенті шамамен 0,8-ге дейін төмендеген. Ел билігі бала туғандарға төлемдер мен тұрғын үй субсидияларын қоса алғанда, түрлі бағдарламаларға миллиардтаған қаржы жұмсады. Норвегияда жас ата-аналарға қаржылай қолдау көрсетіліп, икемді жұмыс кестесін енгізу жолдары қарастырылып жатыр.

Ал Францияда туу коэффициенті 1,56-ны құрайды. Елде жастарды отбасын құруға ынталандыру шаралары қолға алынған.

Нидерланд үкіметі әзірге бала тууды тікелей ынталандыратын ауқымды шаралар енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Билік мұндай саясаттың көбіне нәтиже бермейтінін немесе әсері қысқа мерзімді болатынын алға тартады.

Зерттеушілердің пікірінше, мәселені шешу үшін ата-аналардың отбасын құру жоспарын жүзеге асыруына кедергі келтіретін әлеуметтік және экономикалық тосқауылдарды азайтатын кешенді шаралар қажет.

Еске сала кетсек, Жапонияда демографиялық құлдырау 45 жыл қатарынан жалғасып келе жатқанын жаздық.

Ал қытайлар қартайып барады: алдағы 10 жылда 60-тан асқандар саны 400 млн-нан асады.