Нидерландыда кәріз жүйесін жөндеу кезінде викингтер кемесінің бөлігі табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Нидерландының Вейк-бей-Дюрстеде қаласында кәріз жүйесін жөндеу барысында викингтер дәуіріне тиесілі болуы мүмкін кеме бөлігі табылды. Бұл туралы NU.nl порталы  хабарлады.

Нидерландыда кәріз жүйесін жөндеу кезінде викингтер кемесінің бөлігі табылды
Фото: NU.nl

Мәліметке сәйкес, табылған ағаш бөрене сәрсенбі күні кәріз және су бұру жүйесін ауыстыру кезінде анықталған. Жерден шығып тұрған бөрене әуесқой археологтың назарын аударып, кейін муниципалитет кәсіби мамандарды зерттеуге тартқан. Алдын ала бағалауға қарағанда, оның пішіні, ойықтары мен ағаш өңдеу тәсілі бұл бөліктің кеме құрамына тиесілі болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Археологтар сонымен қатар маңайынан керамика сынықтарын да тапқан. Бастапқы қорытынды бойынша, бұл олжа Каролингтер дәуіріне, яғни шамамен біздің заманымыздың VIII ғасырына жатуы мүмкін. Дегенмен мамандар оның кейінгі кезеңге — XIV ғасырдағы когг сауда кемесіне тиесілі болуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды.

Табылған бөрененің ұзындығы шамамен 3,2 метр, қалыңдығы 30 сантиметрге жуық. Археолог Анне де Хооптың айтуынша, бастапқыда оның көлемі бұдан да үлкен болған болуы мүмкін. Ағаштың кеуіп кетуіне жол бермеу үшін артефакт дереу қапталып, сақтауға жіберілген.

Нақты жасын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізіледі, соның ішінде ағаштың жылдық сақиналарын талдау жоспарланған. Бұл жұмыстар бірнеше айға созылуы мүмкін. Муниципалитет өкілдерінің айтуынша, мұндай олжалар өте сирек кездеседі, ал Вейк-бей-Дюрстеде бұған дейін викинг кемелерінің қалдықтары табылмаған. Жергілікті Дорестад музейі болашақта бұл артефактіні көрмеге қоюға қызығушылық танытып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Норвегияда 800 жылдық алтын сақина табылған еді.

Соңғы жаңалықтар