Нидерландыда қасқыр алты жастағы балаға шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландының Утрехт қаласының маңындағы табиғи саябақта қасқыр алты жастағы балаға шабуылдады, деп dpa агенттігіне сілтеме жасап DW хабарлады.

Бала үш жастағы інісімен бірге ойнап жүргенде, сырт бейнесі итке ұқсас жануар оларға жақындап келіп, орындыққа секіріп мініп, кенеттен шабуыл жасаған. Қасқыр баланы қолтық тұсынан тістеп алып, бұталарға қарай сүйреп әкетуге тырысқан.
Осы сәтте оқиға орнына жақын жүрген адамдар мен балалардың әкесі таяқпен қасқырды қуып, оны тоқтатуға тырысқан.
Бірнеше минутқа созылған күрестен кейін жыртқыш шегініп, орманға қарай қашып кеткен.
Жарақат алған бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер баланың қолтық астындағы тіс іздерін тігіп өңдеген. Сонымен қатар кеуде тұсында, арқасында және бетінде жарақат барын анықтаған.
Қасқыр Брэм болуы мүмкін
Бұл табиғи саябақта қасқырлардың пайда болуы туралы ескертулер бұрыннан бері беріліп келген.
2024 жылы Брэм деген ат берілген қасқыр мектеп экскурсиясы кезінде бір әйелді аяғынан, ал баланы бүйірінен тістеп алған болатын. Сол оқиғадан кейін билік жануарды атып тастау туралы шешім қабылдаған.
Қазір шабуыл жасаған қасқыр Брэм болды ма, жоқ па — ДНҚ сараптамасы арқылы анықталады. Сараптама нәтижесі шамамен екі апта ішінде белгілі болады.
Ал Атырау облысында шаруа қожалығының жұмысшысына қасқыр шапқан еді.