Нидерландта автокөлік рождестволық шеру көрермендерін қағып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың Нюнспет қаласында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан кемінде тоғыз адам зардап шекті, көлік тізгінінде жергілікті тұрғын әйел болған. Ал Германияның батысындағы Гисен қаласында Әзербайжан азаматы автобус аялдамасына көлікпен соғылған. Бұл туралы Еuronews хабарлады.

Нидерланд полициясы
Фото: dw.com

Дүйсенбі күні кешке Нидерландтың шығыс бөлігінде автокөлік рождестволық шамдармен безендірілген ауыл шаруашылығы техникасының шеруі басталуын жол жиегінде күтіп тұрған көрермендер тобына соғылды.

Оқиға Амстердамнан шамамен 80 шақырым шығыста орналасқан Нюнспет қаласында болды.

Көліктің қағуы салдарынан тоғыз адам жарақат алды, олардың кемінде үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Жедел жәрдемнің бірнеше бригадасы мен санитарлық тікұшақтар зардап шеккендерді ауруханаларға жеткізді. Шеру тоқтатылды.

Полицияның мәліметінше, автокөлікті 56 жастағы жергілікті тұрғын әйел басқарған, ол да жеңіл жарақат алған.

Алдын ала деректер бойынша, бұл оқиға әдейі жасалмаған, дегенмен тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал тағы бір ауыр жол-көлік оқиғасы дүйсенбі күні Германияның батысындағы Гисен қаласында тіркелді.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, жүргізуші Audi маркалы автокөлікпен автобус аялдамасына соғылып, салдарынан төрт адам жарақат алған, олардың біреуінің жағдайы ауыр.

Гисен қаласында тұратын, 32 жастағы ер адам ұсталды. Ол – Әзербайжан азаматы болып шықты. Гисен қаласы Франкфурттан шамамен 53 шақырым солтүстікте орналасқан.

«Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы белгісіз», делінген полицияның мәлімдемесінде.

Полицияның хабарлауынша, жүргізуші алдымен сол бағытта қозғалып келе жатқан екі автокөлікпен соқтығысқан, содан кейін автобус аялдамасында тұрған жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Бұдан соң ол қозғалысын жалғастырып, кейін тоқтатылып, полиция қызметкерлері оны қамауға алған. Полиция оқиға орны қоршауға алып, тергеу жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта оқиғаның саяси немесе террористік себептермен байланысты болуы екіталай», деп мәлімдеді Гессен федералдық жерінің ішкі істер министрі Роман Позек.

Айта кетейік, былтыр Германияның Магдебург қаласында Рождестволық базарда көлік бір топ адамды қағып кетті. Оқиға салдарынан кемінде 11 адам қаза тауып, 80-нен астамы жараланды.

Соңғы жаңалықтар