Нидерландта әйелдерді арнайы жасаққа қабылдау басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтың 8 әскери қызметші әйелі құрлық және теңіз күштерінің арнайы жасақтарына іріктеуден өтуге дайындықты бастады, деп хабарлайды БелТА.

Нидерландта әйелдерді арнайы жасаққа қабылдау басталады
Фото: Pexels

Елдің қорғаныс министрінің мемлекеттік хатшысы Дерк Босвейктің айтуынша, олардың үлгісі қарулы күштер қатарына көбірек әйел тартуға ықпал етеді деп жоспарланған. 

— Қарулы күштер қатарында әйелдер санының артуы біз үшін өте маңызды. Әйелдердің кез келген деңгейде ерлермен тең дәрежеде қызмет ете алатынын көрсеткіміз келеді, — деді Босвейк NRC газетіне берген сұхбатында.

Басылымның мәліметінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Нидерланд қарулы күштеріндегі 46,9 мың әскери қызметшінің 6,2 мыңнан астамы әйелдер болған. Бұл жалпы құрамның шамамен 13 пайызына тең. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіш өзгермеген. Босвейк 2030 жылға қарай әйелдердің үлесін кемінде 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, ерлер мен әйелдерге қойылатын нормативтер бірдей болады. Әйел үміткерлерге жеке жаттығу бағдарламалары әзірленіп, арнайы жабдықтар беріледі. Сонымен қатар ол Нидерланд армиясында әйелдер әлі күнге дейін ерлерге арналған әскери жабдықтарды пайдалануға мәжбүр екенін мойындады.

Босвейктің бұл мәлімдемесі елдің әскери әлеуетін арттыру шаралары қолға алынған тұста жасалған. 15 қыркүйекте ұсынылған бюджет жобасына сәйкес, 2027 жылы қорғаныс саласына 28,9 млрд еуро бөлу жоспарланған.

Ал 2030 жылға қарай қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді, резервтегілер мен азаматтық персоналды қоса алғанда, қызметкерлер санын 100 мыңнан асыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық ұланына қарасты «Бүркіт» арнайы жасағының тарихында алғаш рет әйел әскери қызметші сапқа қосылды. «Китана» лақап атымен танылған Қымбат — халықаралық жарыстардың жеңімпазы, ендігі мақсаты — күрең берет алу.