«Бүркіт» арнайы жасағында тарихи жаңалық: алғаш рет қыз жауынгер қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Ұлттық ұланына қарасты «Бүркіт» арнайы жасағының тарихында алғаш рет әйел әскери қызметші сапқа қосылды. «Китана» лақап атымен танылған Қымбат — халықаралық жарыстардың жеңімпазы, ендігі мақсаты — күрең берет алу.

«Бүркіт» арнайы жасағында тарихи жаңалық: алғаш рет қыз жауынгер қабылданды
Фото: Ұлттық ұлан

Қымбаттың «Бүркіт» жасағына келуі Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысымен байланысты. Ол бұл додада Қазақстан атынан өнер көрсеткен «Томирис» қыздар командасының құрамында бақ сынады. Әйелдер арасындағы санатта қазақстандық команда қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамаларынан жоғары нәтиже көрсетті.

«Бүркіт» арнайы жасағында тарихи жаңалық: алғаш рет қыз жауынгер қабылданды
Фото: Ұлттық ұлан

Жарыс барысында мергендігімен көзге түскен Китанаға «Бүркіт» арнайы жасағы ұсыныс тастайды. Ол көп ойланбастан келісім беріп, осылайша бөлімше тарихындағы алғашқы қыз әскери қызметші атанды.

Қымбаттың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол — қоян-қолтық ұрыстан алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі қола жүлдегері, әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.

«Бүркіт» арнайы жасағында тарихи жаңалық: алғаш рет қыз жауынгер қабылданды
Фото: Ұлттық ұлан

Джиу-джитсудан үш дүркін әлем, Азия чемпионы және екі дүркін Еуропа чемпионы атанған. ММА бойынша Қазақстан және Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған. Қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо мен ММА-дан спорт шебері.

Қазір Қымбаттың алға қойған басты мақсаты — күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Бұл сынақ жауынгердің дене дайындығын, төзімділігі мен рухының беріктігін талап етеді. Мақсатына жетсе, ол Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке қол жеткізген алғашқы қыз жауынгер атанбақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қымбат Қазақстан кубогының жеңімпазы атанған болатын.