Нидерландта жылу жүйелерінен су аққан жерді ит арқылы анықтайды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Нидерландтың орталық бөлігіндегі Флеволанд провинциясы Алмере қаласында пилоттық жоба іске қосылды. Соның аясында орталық жылу жүйесіндегі су аққан жерді иісшіл иттер арқылы табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Нидерландта жылу жүйелерінен су аққан жерді ит арқылы анықтайды
Фото: omroepflevoland.nl

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Такер атты ит пен кинолог маман Уэсли Висшер қалалық жылумен жабдықтау жүйесіндегі су жылыстаған жерді бірге іздеп жатыр. Жануар кәдімгі судың иісінен сәл өзгеше орталықтандырылған жылумен жабдықталған судың иісіне үйретілген. Жергілікті сумен жабдықтау компаниясының мамандары жүйеде судың ағып жатқанын анықтау өте қиын екенін айтады.

«Құбырлардағы үлкен жарықтардан судың ағып жатқаны бірден көрінеді. Су шашырайды немесе сізде топырақтың шөгіліп жатқанын байқауға болады. Жиі кездесетін кішкентай тесіктерді байқамаймыз, өйткені топырақ суды бірден сіңіреді. Оны табу қиын. Мысалы, жердің температурасын өлшеуге болады, бірақ бұл көп уақыт алады. Иісшіл итпен бәрі әлдеқайда оңай», - дейді жоба бастамашыларының бірі Марк Спитхорст.

Альмере қаласының үлкен бөлігінің астында ыстық сумен жабдықтау желісі өтеді. Ол басқа Димене қаласындағы электр станциясында қыздырылады. Ағып кету көбінесе судың мөлшері аз кезде анықталады. Сондықтан энергия жеткізушісі жүйеге су құйып, сұйықтықты жылыту үшін көбірек ресурс жұмсауға мәжбүр болады. Такер есімді ит «Ваттенфаль» белгісін тағып жүр, бұл жануардың қызметте екенін көрсетеді.

«Біз итті жүйедегі судың исіне оның ойыншығымен үйлестіре отырып үйреттік. Сондықтан Такер жай ғана ойыншығын іздейді және өзінің маңызды жұмыс істеп жатқанын мүлдем түсінбейді», – деп түсіндірді кинолог У.Висшер.

Бейнеде Такердің кенет тоқтап, ғимараттардың бірінің қабырғасына сүйеніп тұрғанын көруге болады.

«Яғни ол бұл жерде су ағып жатқанын көрсетіп тұр», – дейді У.Висшер мақтанышпен.

Ит ойыншығын алып, риза болады.

«Бізді көрген адамдар оны есірткі іздейтін ит деп ойлайды. Біздің іс жүзінде не істеп жатқанымызды естігенде, бұл оларға ұнайды», - дейді У.Висшер.

Алмере қаласындағы пилоттық жоба жыл соңына дейін жалғасады.