00:40, 24 Наурыз 2014 | GMT +5
Нидерландыда Елбасының құрметіне пошталық марка мен қызғалдақтың жаңа сорты шығарылды
ГААГА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Гаагаға ресми сапары аясында Елбасының суреті бейнеленген пошталық марканың таныстырылымы өтті. Сондай-ақ Роттердам қаласында «Астана» атты жаңа алаң ашылып, қызғалдақтың жаңа сортына «Президент Назарбаевтың» аты берілді.
Марка Нидерланды мен Қазақстан арасындағы экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынастың бекемдігінің белгісі ретінде шығарылды. Оның авторы - Ханс Барневельд. Өлшемі - 40/30 миллиметр, таралымы - 1000 дана. «Астана» алаңы Роттердамның көз сүйсіндірер Karentrecht ауданында орналасқан. Ал қызғалдақтың жаңа сортын әйгілі голланд гүл өсірушісі Жан Лайтхард шығарды. Елбасы сонымен қатар, жетекші Нидерланд компаниялары өз өнімдерін қойған көрмеге қатысты. Жиырмадан астам компания Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан немесе болашақта жүзеге асырылатын әлеуетті жобаларын таныстырды.