Нигердегі әскерилер ел президентін биліктен кетіргенін мәлімдеді

Олар сондай-ақ конституция мен барлық мемлекеттік институттар жұмысы тоқтатылып, елдің батыс Африкадағы шекаралары жабылады деп хабарлады. Теледидардан генерал-полковник Амаду Абдурахман сөйледі.
«Біз, қорғаныс және қауіпсіздік күштері өздеріңіз білетін режимді тақтан тайдыруға бел байладық», - деді генерал теледидар арқылы сөйлеген сөзінде. – Бұл – қауіпсіздік саласындағы жағдай нашарлап, экономикалық және әлеуметтік басқарудың төмендеуіне байланысты қабылданған шешім». Оның айтуынша, министрлік басшылары күнделікті міндетін атқара береді.
«Барлық сыртқы серіктестерден мәселеге араласпауды сұраймыз. Жағдай тұрақтанғанша теңіз және әуе шекаралары жабылады», – деді ол.
Бүлікшілер президент сарайында қамап ұстаған Базумге АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш қоңырау шалып, қолдау көрсеткен.
Өздерін Отан қорғау ұлттық кеңесі деп атаған жаңа әскери хунта елде жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізді.
2021 жылы демократиялық жолмен сайланған президент Базум Францияның одақтасы деп саналады. 1960 жылы Франциядан тәуелсіздік алғаннан бері теңізге шыға алмайтын Батыс Африка мемлекеті Нигерде төрт рет төңкеріс болды, одан бөлек билік басындағы үкіметті құлатуға бағытталған бірнеше әрекет сәтсіздікке ұшырады.