Нигерия азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатерге байланысты төтенше жағдай жариялады
АБУДЖА. KAZINFORM — Нигерия президенті су және ауыл шаруашылығы саласында инновациялық стратегияны қабылдау қажеттігін айтты, деп жазды Анадолы.

Африка құрлығындағы халқы ең көп мемлекет – Нигерияда азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатерге байланысты «ұлттық төтенше жағдай» режимі енгізілді. Бұл туралы ел президенті Бола Ахмед Тинубудың Абуджада өткен «Суару және дренаж жөніндегі 6-шы Африка аймақтық конференциясының» ашылуында оқылған жолдауында айтты.
Өз үндеуінде Тинубу елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіпке назар аударып, осыған байланысты ұлттық деңгейде төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бүкіл ел аумағында суару инфрақұрылымын кеңейтіп, су ресурстарын біріге басқарудың маңыздылығын атап өтті.
Президент конференцияның «Африкадағы суару және су ресурстарын басқару дағдарысын шешу» деген ұранмен өтіп жатқанын еске салып, бұл бастама ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға және экономикалық төзімділікті арттыруға шақыру екенін жеткізді.
– Африка әлі күнге дейін суару саласындағы әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Бұл саладағы басты кедергілер – инфрақұрылымның жетіспеушілігі, қаржылық шектеулер, климаттың өзгеруі және басқару мәселелері, – деді Тинубу.
Ол бұл конференцияның аталған түйткілдерге шешім табу жолында маңызды мүмкіндік екенін баса айтты. Президенттің сөзінше, Нигерияда суармалы егіншілік үшін зор әлеует бар.
– Біздің елімізде Нигер және Бенуэ өзендерінің ірі су алаптарында 3,1 миллион гектардан астам суармалы жерлер бар, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Тинубу елдегі су ресурстары мен ауыл шаруашылығы саласында инновациялық стратегиялар әзірлеу қажеттігін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нигерияда жыл басынан бері Ласса безгегінен қайтыс болғандар саны 127-ге жеткенін жазған болатынбыз.