Нигерия мен Конго Қазақстаннан спутник сатып алу үшін алдын ала төлем жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Нигерия мен Конго Қазақстаннан спутник сатып алу үшін алдын ала төлем жасады. Бұл туралы бүгін жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен кездескен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
- Бізде әлемдегі ең үлкен ғарыш айлағы – Байқоңыр орналасқан. Airbus-пен ынтымақтастықта «Ғалам» құрастыру-сынау кешені бар. Онда қазақстандық спутниктерді өндіреміз. Бұл бізге өзіміздің халықаралық спутниктік тобымызды дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан үшін жерді қашықтан зондтау 3 спутнигін жасау бағытында жұмыс істеп жатырмыз. – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан спутниктерін өзге елдерге экспорттау үшін де бірнеше келісімшарт жасалған.
- 2025 жылы Конгомен және Нигериямен экспорттық келісімшарт жасалды. Бүгінде біз аталған спутниктер үшін алдын ала төлем алдық. Яғни, бұл тарихи оқиға деп санаймын, - деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін Монғолия және Конго Республикасымен бірлескен спутниктер жасау туралы нақты келісімдерге қол жеткізілгенін жазған едік.