Нигерия президенті ұрланған 89 азаматтың босатылғанын растады
АСТАНА. KAZINFORM — Нигерия президенті Бола Тинубу жексенбі күні өткен аптада елдің орталық өңірінде ұрланған 89 адамның бостандыққа шыққанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Синьхуа.
Оның Х әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесіне сәйкес, босатылғандардың қатарында Квара штатындағы Эруку елді мекенінде шіркеу қызметі кезінде ұрланған 38 діндар және жұма күні Нигер штатындағы мектепке жасалған шабуыл барысында тұтқынға алынған кемінде 51 оқушы бар.
Еске салсақ, бұған дейін Агвара жергілікті басқару аймағында орналасқан Әулие Мария мектебінің кемінде 315 оқушысы мен мұғалімдерін лаңкестер кепілге алған еді.
Б.Тинубудың айтуынша, ұрланғандардың бостандыққа шығуы қауіпсіздік күштерінің үйлестірілген әрекеттерінің нәтижесінде мүмкін болды. Ол бұл үдерісті Йоханнесбургте (Оңтүстік Африка Республикасы) өтуі тиіс «Үлкен жиырмалық» саммитіне жоспарланған сапарын кейінге қалдырып, жеке өзі бақылаған.
«Мен шегінбейтінімді айқын айтып өткім келеді. Әрбір нигериялықтың, әрбір штатта, қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар. Менің басшылығыммен біз бұл елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халқымызды қорғаймыз», – деп атап өтті ол.
Нигерия президенті VIP-тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлеріне негізгі міндеттеріне көбірек көңіл бөлу жөнінде тапсырма берді. Себебі елдің көптеген аймағында, әсіресе шалғай өңірлерде полиция қызметкерлерінің тапшылығы байқалып, бұл халықтың қорғалуын қиындатып отыр.
Сондай-ақ ол елдегі қазіргі қауіпсіздік мәселелерін ескере отырып, барлық ортада полицияның қатысуын күшейту қажет екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Нигерияда қарулы адамдар 300-ден астам баланы ұрлап кеткенін жаздық.
Бұл елде осы аптада екінші рет балаларды жаппай ұрлау оқиғасы тіркелді. Мұның алдында содырлар 25 оқушы қызды ұрлап, мұғалімін өлтіріп кеткен еді.