Нигерияда қарулы адамдар 300-ден астам баланы ұрлап кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерияда осы аптада екінші рет балаларды жаппай ұрлау оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ВВС.

нигерия
Фото: BBC

Қарулы адамдар Нигер штатындағы Папири қаласындағы Әулие Мария католик мектебіне басып кіріп, балалар мен мұғалімдерді ұрлап кеткен.

Нигерия христиан қауымдастығының мәліметінше, 303 бала мен 12 мектеп қызметкері (4 әйел және 8 ер адам) ұрланған.

Бұған дейін 215 бала мен 12 мұғалімнің ұрланғаны хабарланған еді. Алайда Контагора епархиясының епископы кейінірек ұрланған оқушылардың саны әлдеқайда көп екенін мәлімдеді.

— Біз Папиридегі мектептен шыққаннан кейін барлығына қоңырау шалып, тексеріп, қосымша сұрау салдық. Алайда қашуға әрекеттенген тағы 88 оқушының ұсталғанын білдік, — деді ол.

Осылайша, мектептегі 629 оқушының жартысына жуығы ұрланғандар тізіміне енді.

Полицияның хабарлауынша, қарулы адамдар Әулие Мария мектебіне басып кіріп, оқушыларды жатақханасынан ұрлап кеткен. Полиция тұтқынға түскен оқушыларды табу үшін орманды аралауға кірісті.

Президент Бола Тинубу өзінің шетелдік сапарларын, соның ішінде осы демалыс күндері Оңтүстік Африкада жоспарланған G20 саммитін — елдегі қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін кейінге қалдырды.

Осыған дейін Нигерияда содырлар 25 оқушы қызды ұрлап, мұғалімін өлтіріп кеткені туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар