Нигериядағы су тасқыны үш айда 321 адамның өмірін қиды

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан елдегі 36 штаттың 34-і зардап шекті. 217 елді мекенді қамтыған табиғи апаттан барлығы 1,4 млн-ға жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды Daily Trust.

Нигерия
Фото: Daily Trust

Су тасқыны мемлекет және жеке меншік иеліктері айтарлықтай шығын әкелді. 280 мыңнан астам тұрғын үй мен 258 мың га егіс алқаптары қирады. 

2024 жылы апат әдетте жауын-шашын мол түсетін елдің оңтүстігінде ғана емес, сонымен қатар құрғақ және шөлді солтүстікте де ойран салды. Болашақта су тасқынының осындай ауыр зардаптарын болдырмау үшін билік Нигерияның өзендері, көлдері және басқа да су қоймаларын түгендеуді бұйырды. 

Жаңбырлы маусымның аяқталуы Батыс Африканың көптеген елінде бұрын-соңды болмаған су тасқынына әкелді. Нигерия, Чад, Мали, Гвинея, Нигер, Камерун, Гана және Либерияда 4 млн-нан астам адам зардап шекті. 

Сарапшылар жойқын су тасқынының себептерін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) мәліметінше, Сахельдегі орташа температура басқа елдермен салыстырғанда бір жарым есе жылдам көтеріліп отыр. 

Бұған дейін Испанияда нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жеткенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар