Никол Пашинян: ЕО-ға кіру үшін референдум өткізудің қажеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елде ЕО-ға кіру бойынша референдум өткізудің қажеті жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, Еуропалық Одақ Арменияны қабылдауға дайын ба деген сұраққа жауаптың жоқтығы - басты мәселе. Бұл туралы Армения министрлер кабинетінің басшысы Армения демократиясының үшінші форумында мәлімдеді.

Никол Пашинян
Фото: Никол Пашинян/armenpress.am

«Жақында біз Ұлттық жиында тыңдаулардың куәсі болдық. Ондағы негізгі идеяға назар аударсақ, олар референдум өткізейік (Арменияның ЕО-ға кіруі туралы), халыққа осы идеяны қолдауға мүмкіндік берейік дейді. Мен Еуропарламент мінберінен Арменияның ЕО-ға барынша жақын болуға дайын екенін айттым. Мен Армения халқы бұл идеяны қолдамайды деп ойласам, мұндай мәлімдеме жасамас едім», — деп түсіндірді Никол Пашинян.

Оның айтуынша, Еуропалық Одақ Арменияны қабылдауға дайын ба деген сұраққа жауаптың жоқтығы басты мәселе.

«Бүгінде референдум өткізетін болсақ, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Егер біз науқан жүргізсек, азаматтар қалай, қашан, ЕО мұны қалай ма, жоқ па, ЕО бұған дайын ба деген сұрақ қоя бастайды. Мен осы сұрақтарға жауап бере аламын ба? Жоқ, бере алмаймын. Өйткені, бүгін ЕО-да процестер жүріп жатыр, біз бұл процестерді бағалауымыз керек. Еуроодақ елдерінде сайлау өтіп жатыр, оның нәтижелері, аз дегенде, белгілі бір сұрақтар туғызады», — деп атап өтті Армения премьер-министрі.

2023 жылдың қазан айында Еуропарламентте сөйлеген сөзінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения ЕО мүмкіндігінше ЕО-ға жақынырақ болуға дайын екенін айтты.

2024 жылғы 21 маусымда Арменияның Ұлттық ассамблеясында «Арменияның ЕО мүшелігіне өтініші бойынша референдум өткізу туралы ұсынысы» деген тақырыпта тыңдау өтті.