Николай Костер-Вальдау Маңғыстауға барғысы келетінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Comic Con Astana 2026 фестиваліне қатысу үшін Астанаға келген даниялық актер Николай Костер-Вальдау Қазақстанға қайта оралып, Маңғыстауды көргісі келетінін айтты.
Бұл туралы актер Comic Con Astana 2026 аясында өткен баспасөз мәжілісінде айтып берді.
Оның сөзінше, Қазақстанда болған аз уақыттың өзінде жергілікті халықтың қонақжайлығы мен ақжарқын көңілі ерекше әсер қалдырған.
— Мені қарсы алған ұйымдастырушылар да, осында жолыққан адамдар да өте керемет екен. Осы сапардан кейін Қазақстанға міндетті түрде тағы келуім керек деп ойлап отырмын. Әсіресе, Маңғыстауға барғым келеді, — деді Николай Костер-Вальдау.
Сондай ақ актер Астананың өзі күткеннен әлдеқайда заманауи қала екенін айтып, Қазақстан туралы алғашқы әсерінің өте жақсы болғанын жеткізді.
— Астананың осыншалықты керемет қала екенін білмеппін, — деді ол.
Сондай-ақ ол елді ең алдымен адамдардың қонақжайлығы арқылы танығанын және қазақтың ұлттық тағамдары ерекше ұнағанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін елордада Comic Con Astana 2026 фестивалі басталды.
Бұған дейін Comic Con Astana 2026 фестивалінің қонағы, даниялық актер Николай Костер-Вальдау Қазақстанға алғашқы сапары жайлы әңгімелеген еді.