Нысана көздеуден әлем кубогында Валерий Рахимжан күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - Нысана көздеуден Германияның Мюнхен қаласында өтіп жатқан әлем кубогында Валерий Рахимжан күміс медаль жеңіп алды.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіенің хабарлауынша, тапаншамен 10 метрден оқ ату сайысында ол финалда 241.9 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Мұнда қытайлық Ху Кай (242.3 балл) жеңімпаз атанды. Үздік үштікке германиялық Кристиан Рейтц қол жеткізді.
Айта кетейік, іріктеуде Валерий 583 ұпаймен 6-сатыға тұрақтап, ақтық сынға жолдама алған.
Бұл әлем кубогына 78 елден 695 таңдаулы мерген жиналды. Мюнхендегі әлем кубогы дәстүрлі түрде жыл сайын осылай қатысушы мемлекет пен спортшы жағынан рекорд жаңартады. Жарыс 15 маусымда мәресіне жетеді. Қазір Қазақстан қоржынында 1 күміс жүлде бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын Германияда нысана көздеуден Әлем кубогының кезеңі өтетінін хабарлаған едік.