Нысана көздеуден Азия кубогы: Ел қоржынына кезекті алтын медаль түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд астанасы Бангкок қаласында нысана көздеуден өтіп жатқан Азия кубогында ел қоржынына кезекті алтын медаль түсті.

Нысана көздеуден Азия кубогы: Ел қоржынына кезекті алтын медаль түсті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Нақтырақ айтсақ, бүгін аталған додада Қазақстан әйелдер құрамасы винтовкамен 50 метрден жатып нысана көздеуде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Аталған сында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Александра Ле және Арина Алтухова, Елизавета Безрукова ел намысын қорғаған болатын.

Отандастарымыз 1849.8 ұпаймен күміс жүлдегер Жапониядан 1,5 балл көп жинады. Ал үздік үштікке Оңтүстік Корея командасы қол жеткізді.

Осы жаттығудың жекелей сынында Арина Алтухова 618.2 ұпаймен 4-ші, Елизавета Безрукова 5-сатыдан көрінді. Ал Александра Ле 10-орынға табан тіреді. Енді ертең әйелдер 3 позицияда нысана көздеуден жүлдеге таласады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы аталған Азия кубогынан алты алтын медальға қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар