Нысана көздеуден қазақстандық мерген әлем кубогының қола жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Аргентина астанасы Буэнос-Айресте нысана көздеуден өтіп жатқан әлем кубогында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті.

Нақтырақ айтсақ, әйелдер арасында винтовкамен 50 метрден 3 позицияда оқ атуда Арина Алтухова қола медаль жеңіп алды. Ол іріктеуде 588 ұпай жинап, 3-сатыға тұрақтаған. Ал ақтық сында 445.9 ұпаймен жалпы есепте 3-сатыны сақтап қалды. Алтын Үндістан, күміс Германия спортшыларының еншісіне бұйырды.
Арина финалда жасөспірімдер, ересектер арасындағы әлем чемпионы және жүлдегерлерінен, сондай-ақ, Олимпиадаға қатысқан мергендерден басым түсті.
Тағы бір отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері (миксте) Александра Ле бұл жаттығуда 12-орыннан көрінді (584 ұпай).
Сондай-ақ, София Шульженко 14-ші (583 ұпай), Елизавета Безрукова 24-сатыдан көрінді.
Буэнос-Айрестегі әлем кубогының кезеңі 11 сәуірде аяқталады.
Айта кетейік, осыған дейін Аргентинадағы әлем кубогына қатысатын Қазақстан құрамасы сапында кімдер ел намысын қорғайтынын жазған болатынбыз.