Ирандағы қазақтар Амалдан бастап Наурызды ерекше тойлайды

Иран
Фото: Ислам Жеменейдің жеке мұрағатынан

Наурыз мерекесі – түркі халықтарында жыл басы ретінде кеңінен тойланатын мереке. Жыл басы саналатын атаулы күн қарсаңында маңғыстаулық ғалым Нияз Тобыш Kazinform тілшісімен болған сұхбатта атаулы мерекені Ирандағы этникалық қазақтардың қалай тойлайтыны туралы айтып берді.  1995 жылы Ираннан тарихи атамекеніне оралған ағылшын-парсы тілінің білікті маманы әңгіме барысында бірқатар жайты тілге тиек етті.

ғалым
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Жыл басы Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл күнді елімізден бөлек, шетелдегі қазақтар да ерекше тойлайтыны белгілі. Осы орайда Иран Ислам Республикасындағы қандастарымыздың тойлау дәстүрі қандай?

— Ирандағы қазақтарды Маңғыстаудағы халықтың бір бөлігі деуге болады. Олар сонау 1928-1932 жылдары осы өңірден қысылтаяң уақытта амалсыз көшкен қазақтар. Ирандағы қандастарымыз 14 наурызда бір-бірінің үйін аралап, көрісуді бастайды. Ал ресми Наурыз мерекесі 21 күні басталады. Бұл күн парсы елінің жыл басының алғашқы күні. Той басталып, ол мереке екі аптаға жуық уақытқа созылады. Басқа айта қоятындай ерекшеліктері жоқ. Маңғыстау халқы наурыз мерекесін қалай тойласа, парсы еліндегі этникалық қазақтар соның шағын бөлігін көрсетеді.  

Иран
Фото: Ислам Жеменейдің жеке мұрағатынан

— Парсылардың наурыздың тойлауы ұзаққа созылатынын айтып қалдыңыз. Бұл күндері елде той науқаны үзіліссіз жалғаса ма?

— Жалпы, Иран — ежелден келе жатқан мемлекет. Тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Бұл нақты қай кезден басталғанын тап басу айту қиын. Олар жыл басын наурыз деп тойлап, оған арнайы әзірленіп, мерекелік дастарқан жаяды. Яғни, жылдың басын тоймен бастайды. Иранда Наурыздан басқа үлкен той жоқ. Аптаға созылатын мереке тура 13 күнге дейін жалғасады. Бұл күндері Ирандағы халық қаладан сыртқа шығып, ерекше есте қаларлықтай өткізеді. Біз ол жақта тұрғанда парсы халқымен етене араласа қойған жоқпыз. Сол жақта туып, білім алдық. Өзімізбен қатар қоныстанған түрікпендермен жақын араластық. Парсыларды да көрдік. Бірақ қазақтығымызды бұзған жоқпыз. Яғни, парсының салтын қабылдамадық. Студент шағымызда осындай тойлар болатын. Бір-біріміздің үйімізге барамыз. Сосын парсы ағайындардың Наурызға дастарқан жайып, шақыратын ұсыныстары болатын. 

Иран
Фото: Ислам Жеменейдің жеке мұрағатынан

— Ирандағы қазақтардың салт-дәстүрінде өзгеріс бар ма?

— Қазақстанда Амал мерекесін елдің батыстағы төрт облыс ерекше тойлайды. Сол секілді Иранда қазақтар арасында да осы үрдіс үзілмеген. Мен ғалым ретінде Ирандағы қазақтар туралы жазғаным жоқ. Бірақ этнограф ғалымның кітабын аударуға көмектестім, қасында жүрдім. «Иран қазақтарының салт-дәстүрлері» деген кітап бар. Мұны мен толық аударып, 2013 жылы «Орхон» баспасынан жарық көрді. Жалпы, сол жақтағы қазақ әйелдерінің киімдері қандай, тағам түрлері деген мәселені этнограф ғалым жүйелеп, жазып шықты. 2010 жылы Маңғыстау облысының арнайы делегациясымен Иранның бірқатар аймақтарын араладық. Сол сапарда қазақтардың барлығымен кездесу өткізді. Этникалық қазақтар туралы кітапты облыс әкіміне ұсынып, қазақ тіліне аударуды маған ұсынды. Кейін еліміздің баспа саласының мамандары «Иран қазақтары туралы шыққан деректерді жинастырып, тақырыпты жан-жақты қамтыған кітап жазсаң» деп ұсыныс жасады. Қазір сол бойынша барлық деректі жинастырып қойдым. Мансур Киай, Отыншы Көшбайдың деректерін, Халифа Алтайдың Ирандағы естеліктерін қамтып, 1985 жылы Иран қазақтарына кириллицаны үйрету туралы 10-20 беттік буклетті енгізіп, 400 беттік кітапты дайындадым. Бұл жұмысты сәуір айында «Арыс» баспасына тапсырмақпын. Кітап шыққан соң арнайы тұсаукесерін өткізуді көздеп отырмыз. 

Иран
Фото: Ислам Жеменейдің жеке мұрағатынан

— Сіздердің бала күніңіздегі Ирандағы қазақтардың жайы қандай еді? Қандастарымыз қазір қалай өмір сүріп жатыр?

— Иранда 1957 жылы туып, 1995 жылға дейін сонда тұрдым. Бала кезімізден салт-дәстүрімізді бойымызға сіңіріп өстік. Беріге дейін әйел адамдар өз салт-дәстүріміз бойынша киініп жүрді. Соңғы кездері Ислам республикасының шарты бойынша шашын жауып жүретін болды. Қазір онда басқа ұлттар парсы әйелдері секілді орамал тартады. Негізі ұлттық киімді әйел адамдар киеді ғой. Жалпы, Ирандағы қазақтардың маңғыстаулықтар аса айырмасы жоқ деуге болады. Әу баста біздің аталарымыз парсы еліне көшіп барғанда ұлттық гені мықты болды. Соңғы уақытқа дейін басқа ұлтқа қыз беру, қыз алу деген болған емес. Кейін бірен-сараңы айналадығы түрікпен, парсы, әзірбайжан жігіттеріне кеткені бар. Біздің кезімізде аталардың заманында көшіп барған әйел адамдар қиын жағдайға тап болып, балалы болудан қалған екен. Сол кездері амалсыздан айналадағы ұлттардан қыз алу дәстүрі болған. Бірақ қыз беру немесе қыз алу жайы болмады. Аталарымыз соны қатты ұстанды. Ал тіл мәселесі туралы айтсам, ол тірі нәрсе ғой. Тілдік мәселе тұрақты түрде тиісті материалмен қамтамасыз етіліп тұрмаса, жағдайы қиын болады. Қазақстанмен байланыс болмай, арасы ашылса тіл шұбарлана түседі. Қазір Ирандағы қазақ жастарының тілі парсылана бастаған.

— Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар