Нілдің бойындағы сайлау: Мысырдың жаңа басшысы кім болады

Мысырдағы сайлау
Фото: Синьхуа

Жексенбі күні Мысырда президент сайлауы өтеді. Ол үш күнге созылады. Сайлауға төрт кандидат қатыспақ, оның ішінде қазіргі президент Әбдел-Фаттах ас-Сиси да бар. Араб республикасындағы басты саяси оқиға қарсаңында сарапшылар қандай болжам жасап отыр, жалпы елде не болып жатыр, осы жөнінде Kazinform меншікті тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Мысырдағы президент сайлауы 10-12 желтоқсан аралығында өтеді

2013 жылы мемлекеттік төңкерістен кейін билікке келген Әбдел Фаттах ас-Сиси өзінің үшінші президенттік сайлауына түскелі отыр. Айта кетейік, 2019 жылы ел конституциясына өзгеріс енгізіліп, мемлекет басшысының өкілеттігі 4 жылдан 6 жылға дейін ұзартылғаннан кейін ас-Сисидің қайта сайлануға құқығы бар.

Осыдан екі ай бұрын қазанда ол жаңа президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынатынын жариялаған болатын.

Сайлау үш күнге созылады, 10-12 желтоқсан аралығында өтеді. Шетелде тұратын мысырлықтар Египеттің елшіліктері мен консулдықтарында 1-3 желтоқсанда дауыс беріп қойды. Негізі сайлау 2024 жылдың сәуірінде өтуі тиіс болатын, алайда ас-Сиси уақытын биылғы желтоқсанға белгілеуді жөн көрді.

Ел президенті лауазымынан кімдер үмітті?

Қазіргі президент ас-Сиси 2018 жылы үшінші мәрте сайлауға түспеймін деген уәдесіне қарамастан, биылғы бәсекеге тәуелсіз кандидат ретінде тіркеліп отыр.

Мысыр президенті
Фото: Мысыр президентіӘбдел Фаттах ас-Сиси, SaudiPressAgency

 

Ол 2010 жылдан бері әскери барлау қызметінің директоры болды. 2012-2014 жылдары Египеттің қорғаныс министрі, кейін премьер-министрдің орынбасары болды. Ас-Сиси 2014 жылы президент сайлауына қатысу үшін армиядан кетті.

Ас-Сисиден бөлек сайлауға тағы үш кандидат түсіп жатыр.

Біріншісі — 71 жастағы заңгер, халықаралық құқық профессоры Әбдел Санад Ямама. Ол Мысырдың «Вафд» либералдық партиясының жетекшісі, сайлауға «Мысырды құтқарыңдар» деген ұранмен қатысып жатыр.

Ямама президент 4 жылдан екі рет қана сайлана алатындай шектеу енгіземін деп отыр.

«Мысыр секілді проблемасы көп елде 16 жыл бойы билік басында отыру мүмкін емес», - деген еді саясаткер.

Мысыр
Фото: Вафд партиясының жетекшісіӘбдел-Санад Ямама [EPA-EFE/STR]

 

Ямама сондай-ақ конституцияға адам құқығы мен еркіндігі, экономикалық реформаларға негізделген түзетулер енгізуді ұсынып отыр.

Екінші кандидат - Хазем Омар. 59 жастағы саясаткер сайлауға түсіп жатқандар арасында ең жасы. Ол Халық-республикалық партиясының жетекшісі, бұрын Мысыр сенатының сыртқы істер жөніндегі комитетінің басшысы болған.

Саясатқа қадам басқан бизнесмен басымдық беретін салалар ретінде денсаулық сақтау мен білім берудегі реформалар деп көрсетіп отыр.

Мысыр
Фото: Хазем Омар/ Creative Commons

 

Алайда бірқатар сыншылар Омарды президент ас-Сисидің жақтасы деп санайды. Себебі 10 жылда ол мемлекет басшысын бірде бір рет сынамаған.

Тағы бір кандидат — Социал-демократиялық партияның басшысы Фарид Захран. Захран елдің саяси өміріне 1970-ші жылдардан бері араласып келеді.

Мысыр
Фото: Фарид Захран / Мысырдың Социал-демократиялық партиясы

 

Al-Jazeera-ның жазуынша, Захранның ас-Сиси мен қауіпсіздік қызметтерімен байланысы бар. 2013 жылы бұрынғы президент Мұхамад Мурсиді биліктен тайдырғаннан кейін, ол ас-Сисиге министрлер кабинетін құруға көмектескен.

Cонымен қатар оппозициялық кандидат Ахмед Тантави да сайлауға қатысатынын мәлімдегенімен қажетті дауыс жинай алмай, саяси бәсекеден бас тартуға мәжбүр болды.

Кандидаттардың қайсы жеңіске жетуі мүмкін?

Саясаттанушылар мен сарапшылар бір ауыздан Әбдел Фаттах ас-Сиси жеңіске жетеді деген пікірде, өйткені қалған кандидаттарды көпшілік танымайды.

Алдағы сайлауда жеңіске жетсе, ас-Сиси жаңа конституцияға сәйкес, тағы 6 жыл билік басында отыра алады, осылайша оның президенттік өкілеттігінің жалпы мерзімі 16 жылға созылмақ.

The New Arab-тың жазуынша, Мысыр үшін аса маңызды саяси оқиға болғанымен, кімнің жеңетіні алдын ала белгілі болғаннан соң, египеттіктер бұл сайлауға белсенді қатыспайды.

Мысырлық саясаттанушы Шериф Мохайелдиннің пікірінше, сайлауға дауыс беру құқығы бар халықтың 50%-дан азы келеді.

Саясаттанушылардың айтуынша, 2011 жылғы «араб көктемінен» кейін елде сайлауға деген қызығушылық төмендеп кеткен.

Мысыр Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 2018 жылғы сайлауда ас-Сиси 97% дауыс жинаған, ол сайлауға египеттіктердің 41%-ы ғана қатысқан еді.

Газа секторындағы ахуал да сайлауға халықтың аз баруына ықпал етеді деген жорамал бар.

Мысыр алдында тұрған сын-қатерлер

Сарапшылар 2024 жылы Египетте қаржы дағдарысы болады деп болжап отыр. Каир рекордтық 29 млрд доллар сыртқы қарызды төлеуі керек. Ал инфляция 30% шамасына жетті.

Сайлау қорытындысы ешкімді таңғалдырмайтын болған соң, сарапшылар ең қызығы сайлаудан кейін басталады дейді. Бұндай пікірді Халықаралық қатынастарды зерттеу орталығының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері жөніндегі бөлімінің жетекшісі Джузеппе Дентис білдірді. Оның ойынша, ас-Сиси басым дауысқа ие болып, экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар реформа жасауы тиіс. Халықаралық валюта қоры реформа талап етіп, ел билігіне қысым көрсетіп отыр.

Газадағы қақтығыс басталған соң ХВҚ басшысы өңірдегі зардап шеккен елдерге көрсетілетін көмекті арттыратынын, атап айтқанда Египетке 3 млрд емес, 5 млрд доллар көлемінде қолдау бағдарламасы болуы мүмкін деп айтып қалды.

Бірақ шетелден қаражатты артыру үшін Мысырдың ұлттық банкі девальвация жасауы керек. Ресми бағам бойынша, қазір 1 доллар 30,8 мысыр фунтына тең болса, «қара нарықта» 1 доллардың бағамы 45 фунтқа жетеді.

Неге сайлауды қазір өткізіп жатыр?

«Ас-Сисиқатаң үнемдеу шараларына кіріспей тұрып, қайта сайланып алғысы келеді», - деп есептейді «Тахрир» Таяу Шығыс саясаты институтының ғылыми қызметкері Мұстафаәл-Асар.

Кейінгі 10 жылда Египет Каир маңындағы жаңа әкімшілік астана құрылысы сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік кредиторлардан көп қарыз алды. Соның салдарынан елдің сыртқы қарызы төрт есе өсті. Оны жабу үшін тек келесі жылдың өзінде 28 млрд доллар төлеуі қажет.

Газа аймағындағы шиеленіс пен экономикалық дағдарысты ескерсек, қазір Мысыр үшін қиын-қыстау кезең басталды. Осы сайлау елдің алдағы жылдарға саяси бағдарын айқындап бере алады.

Соңғы жаңалықтар