Нобель сыйлығының лауреаты Бангладештің уақытша үкіметін басқаруға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Мухаммад Юнус уақытша үкіметті бас кеңесші ретінде басқаруға келісті, деп жазады The Daily Star.

Нобель сыйлығының лауреаты профессор Мухаммад Юнус
Фото: Collected/thedailystar.net

Шілде айының басында Бангладештің әртүрлі қалаларында студенттердің наразылық шерулері өтті. Олар 1971 жылы Пәкістаннан шыққан тәуелсіздік соғысы ардагерлерінің туыстарына мемлекеттік сектордағы жұмыс орындарының үштен бірін сақтайтын квота жүйесіне қарсылық білдірді. Студенттер жүйені кемсітушілік деп атап, жұмысқа қабылдау әрбір жеке үміткердің біліктілігіне негізделуін талап етті.

Шерулер бірте-бірте жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. The Daily Star басылымының хабарлауынша, наразылықтар басталғаннан бері 10 мың адам қамауға алынған.

4 тамызда наразылықтар Дакка мен елдің басқа қалаларында жаңа күшпен басталды. 90-нан астам адам қайтыс болды, оның 13-і — полиция қызметкері. Дүйсенбіде мыңдаған адам Ганобхабандағы Премьер-Министрдің резиденциясына басып кірді. Қатысушылар Бангладеш Премьер-министрі Шейх Хасинаның отставкаға кетуін талап етті. 5 тамызда елдің Премьер-министрі отставкаға кетіп, елден қашып шықты. Кейінірек Шейх Хасинаның Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағаны белгілі болды. Армия штабының бастығы Уақытша үкімет құру туралы мәлімдеді. Ел Парламенті таратылды.

Бангладештің бас полиция қауымдастығы оның мүшелері ереуілге шығатынын мәлімдеді. Мәлімдемеге сәйкес, ол "әрбір полиция қызметкерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенге дейін" жалғасады. Бангладеш полиция қызметі қауымдастығы (BPS) бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкерлерін ұсынады. Оның айтуынша, дүйсенбіде Хасина отставкаға шығып, қашып кеткеннен кейін 450-ден астам полиция бөлімшесіне шабуыл жасалды.

6 тамыз күні таңертең студенттер қозғалысының жетекшілері Нобель сыйлығының иегері Мұхаммед Юнусты уақытша үкіметтің бас кеңесшісі ретінде көргісі келетіндерін мәлімдеді.

Мұхаммед Юнустың айтуынша, ол студенттер мен Бангладеш азаматтарының ұсынысынан бас тарта алмаған.

Қазір Мұхаммед Юнус Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен арнайы қонақ ретінде Парижде жүр. Студенттер ол жақында болған оқиғаларға байланысты елге оралады деп сенеді.

Соңғы жаңалықтар