Нобель лауреаты: Жері үлкен елдерге атом энергетикасының қалдықтары проблема туғыза қоймайды

чон ре квон
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ жанындағы климат өзгерісі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының мүшесі Чон Ре Квон «Astana Club» форумында Қазақстанның атом энергетика саласындағы әлеуеті жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Оның сөзінше, су тапшылығы — Қазақстан үшін келешектегі ең үлкен сын-қатердің бірі.

«Климат өзгерісінен болып жатқан кері әсерлер ғалымдар күткеннен де ауқымды болып шықты. Оның ішінде Орталық Азияда ахуал өте күрделі болайын деп тұр. Өйткені Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада температураның айтарлықтай жоғары көтерілетін түрі бар», — деді сарапшы.

Ғалым климаттың өзгеруінен әлемде орман өрттері жиілеп, қуаңшылық көбейгенін, су тасқыны жыл сайын күтілетін құбылысқа айналғанын айтады.

«Орталық Азия су тапшылығы мен қуаңшылықтан зардап шеккелі отыр. Бұл — өте күрделі проблема. Қазақстан бұл проблемамен күреске тас-түйін дайын болуы керек. Өйткені елді күтіп тұрған ең салмақты сын-қатердің бірі — осы», — дейді Чон Ре Квон.

Ғалымның пайымынша, Қазақстан сияқты жері үлкен елге атом энергетикасының қоршаған ортаға әсерін еңсеру оңай болады.

«Ядролық энергетика туралы әр елдің өз пайымы бар деп ойлаймын. Мысалы, Германия ядролық энергетиканы ешқашан енгізбеу керек деген ұстанымда отыр. Бұл технологияның енуі елдегі саяси және әлеуметтік мәселелердің шешіміне байланысты. Қазақстанның жағдайын алсақ, сіздердің аумақтарыңыз үлкен. Сондықтан ядро қалдықтарын көметін орын мәселесінен қиналмайсыздар деп ойлаймын. Ал Корея сияқты елдерге бұл өте қиын болады», — деді Нобель сыйлығының лауреаты.

Соңғы жаңалықтар