Нобель сыйлығының лауреаттары Астанаға жиналды
Елордада дәстүрлі Nobel fest фестивалі басталды. Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған іс-шараның тақырыбы – жасанды интеллект, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Нобель фестивалінің негізін қалаушы және бас директоры Мақсат Құрбанов 2009 жылы алғаш рет Нобель сыйлығы лауреатының Қазақстанға сапарын ұйымдастырды. Содан бері еліміздің қалаларында әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістерін ұйымдастырып жүр.

«2019 жылы мен Нобель сыйлығын тапсыруға қатысу үшін Нобель комитетінің мүшесі болып шақырылдым. Содан кейін маған Нобель фестивалін өткізу идеясы келді. Неліктен бұл маңызды? Барлық дамыған елдер Нобель конференциялары-симпозиумдар өткізеді. Себебі әлем ғалымдары соңғы ғылыми жетістіктердің негізін қалаушылар. Біз үшін жас мемлекет және прогрессивті қоғам ретінде әлемдік білімді қабылдау маңызды», - деді Мақсат Құрбенов фестивальдің ашылуы салтанатында.
Үш күнге созылатын фестивальге Нобель сыйлығының лауреаттары, визионерлер, бизнес сарапшылар қатысып жатыр.

«Қазір ғылымға, білімге деген көзқарас өзгерді. Ғылыми технологиялық революцияның алдында тұрмыз. Өткен жылдың қараша айында бірқатар қызықты жаңалықтар шықты. «OpenAI» деген кішкентай ғана компания жасанды интеллектінің алгоритмін жасап шығарды. Содан кейін бірден салада бәсеке өсті. Microsoft компаниясы бірден «OpenAI»-дің жасанды интеллект алгоритмін 10 млрд теңгеге сатып алды. Google компания биылғы жылды жасанды интеллект деп жариялады. Тағы бір жаңалық АҚШ-тың энергетика министрі ұлттық зертхананың негізінде термоядорлық реакторды жүзеге асырғанын хабарлады. Ізін ала Қытай 2028 жылы термоядорлық реакторды іске қосамыз деп жариялады», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

