Норвегия гендерлік теңдік рейтингінде Швецияны басып озды

АСТАНА. KAZINFORM — Швеция гендерлік теңдік бойынша өз позициясын жоғалтып алды, қазір көш басында — Норвегия тұр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Норвегия гендерлік теңдік рейтингінде Швецияны басып озды
Фото: Азертадж

Allbright қоры Скандинавия елдеріндегі компаниялардың басшылық құрамындағы гендерлік теңдік жөнінде жаңа есеп жариялады.

АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, зерттеу нәтижелері Швецияда бұл саладағы ілгерілеу баяулағанын, ал Норвегия 2006 жылы қабылданған квота туралы заңның арқасында ең жоғары жетістікке жеткенін көрсетеді.

Швецияда компаниялар директорлар кеңесіндегі әйелдердің үлесі 37%-дан 36%-ға төмендеген, бірақ атқарушы топтарда 1%-ға артқан. Соған қарамастан, негізгі лауазымдарды ер адамдар иеленіп отыр.

Норвегияда әйелдер директорлар кеңесінің 41%-ын, ал Данияда тек 30%-ын құрайды. Дегенмен, Дания соңғы жылдары бұл бағытта ең жылдам дамып келе жатқан ел болып отыр — үш жылда әйелдердің үлесі 15%-дан 23%-ға дейін өскен.

Қор басшысы Аманда Лундетег Швеция үшін квота жүйесі әмбебап шешім емес екенін айтады, себебі елде белгілі бір деңгейде теңдікке қол жеткізілген. Ол жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті: міндетті мақсаттар қою, компаниялардың есептілігін арттыру және ерлер мен әйелдер арасында декреттік демалысты тең бөлу қажет.

Қор Скандинавия елдері гендерлік теңдік бойынша әлемдік көшбасшылық орнын жоғалтып алуы мүмкін екенін ескертеді, өйткені көптеген еуропалық мемлекеттер бұл көрсеткіштер бойынша оларды қуып жетіп келеді.

А. Лундетег саясаткерлерді теңдік саласында міндетті мақсаттар енгізуге, мемлекеттік сатып алуларда гендерлік стратегияға қойылатын талаптарды күшейтуге және жеке декреттік демалыстар енгізуге шақырды. Оның айтуынша, гендерлік теңдік пен әртүрлілік — тек формалдылық емес, бизнестің бәсекелестік артықшылығына айналуы тиіс.

Бұдан бұрын Швеция еліне оралғысы келетін мигранттарға жеңілдіктерді көбейтетіні айтылды.

Соңғы жаңалықтар