Норвегия ханшайымының ұлы қамауға алынды
АСТАНА.KAZINFORM - Норвегия ханшайымы Метте-Мариттің ұлы, 29 жастағы Мариус Борг Хёйби бірнеше қылмыс, соның ішінде екі зорлау бабы бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды The Guardian.
Үкімді Осло соты 16 маусымда, Хёйбидің үш айға созылған сот процесінен кейін шығарды.
Норвегия ханшайымының ұлына 40 айып тағылды. Оның ішінде төрт зорлау және шабуыл жасағаны үшін, бірнеше рет тыйым салу туралы бұйрықтарды бұзғаны, сондай-ақ есірткі мен көлік жүргізу қылмыстары бар. Кейінірек тыйым салу туралы бұйрықты бұзу туралы бір айып алынып тасталды. Хёйби өзіне тағылған төрт зорлаудың екеуінде, сондай-ақ аты-жөні жарияланған жалғыз жәбірленуші Нора Хаукландқа шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған Хаукландқа және тағы үш әйелге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Зорлау айыптаулары 2018 және 2024 жылдар аралығында болған төрт әйелге қатысты. Төртеуінде де әйелдер ұйықтап жатқан немесе қарсылық білдіретін жағдайда болмаған деген болжам бар.
Мариус Борг Хёйби ең ауыр айыптаулар бойынша кінәсін мойындамады. Бірақ бірқатар жеңіл айыптауды мойындады. Ол сот шешіміне шағымдана алады.
Сотталушының өзі сот отырысына Ила түрмесінен бейнебайланыс арқылы қатысты. Оның қорғаушылары бұл денсаулық мәселесіне байланысты деп мәлімдеді.
Сот отырысы Норвегия корольдік отбасы үшін қиын кезеңде өтті. Ханшайым Метте-Маритке өкпе фиброзы диагнозы қойылды.
Ол сондай-ақ жыныстық қанаушылық жасады деп айыпталған америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен бұрынғы байланысы үшін сынға ұшырады.
Норвегия прокуратурасы ханшайымның ұлына жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.