Норвегияда көшкін жүріп, құтқарушылар жоғалып кеткендерді іздестіруде

Сәрсенбі күнгі кешкі жағдай бойынша құтқарушылар коммунада жоғалған адамдарды таппады, олардың арасында балалар да бар. Еррум коммунасы Ослодан 25 км қашықтықта орналасқан, оның әкімшілік орталығы – Аск елді мекені.
Полицейлер жоғалып кеткендер жер астында қалуы мүмкін деп қауіптенуде. Коммунадан 900-ге жуық адам эвакуацияланды.
«Біз көшкін болған ауданда адамдар бар екеніне сенімдіміз, бірақ онда жоғалған 11 адамның барлығы бар ма ол жағынан хабарсызбыз»,- деді жергілікті полиция өкілі Роджер Петтерсон.
Көшкін сәрсенбі күні таңертең басталды. Бірнеше жергілікті тұрғын жедел қызметтерге қоңырау шалып, үйлері қозғалып жатқанын хабарлаған.
Норвегия премьер-министрі Эрна Сульберг жағдай өте қауіпті екенін және құтқару жұмыстары тек тікұшақтан жасалатынын айтты.
«Онда адамдар болуы мүмкін... Бірақ біз бұған сенімді емеспіз, өйткені қазір жаңа жыл мерекесін қарсы алатын кез. Ол адамдар кетіп қалуы да ықтимал», - деді ол журналистерге.
«Жер екі рет ұзақ әрі қатты дірілдеді. Мен даланы қардан тазалап жатыр деп ойладым», - деді жергілікті радиоға 68 жастағы коммуна тұрғыны.
Норвегиялық Су және энергоресурстар директоратының жергілікті бөлімшесінің басшысы Торил Хофсхагеннің айтуынша, коммуна ауданында әлі де жер қозғалуда.
Жергілікті басқару органдары ауданнан шамамен 1500 адамды эвакуациялау қажет болуы мүмкін деп ескертеді.
Директораттың өкілі Лайла Хоивиктің айтуынша, құлаған жер қабатының мөлшері шамамен 300-ден 700 метрге дейін болған. Ол сұйытылған саздан қалыптасқан және өте тез құлаған.
«Егер зардап шеккен үйлер мен эвакуацияланған адамдар санын есептесек, бұл – Норвегиядағы соңғы уақыттағы ең үлкен көшкін», - деп атап өтті ол.
Л. Хоивиктің айтуынша, сол ауданда жаңа көшкіннің жүруі екіталай.
83 жастағы Норвегия королі Харальд V бұл апат оны және бүкіл корольдік отбасын қатты күйзелтті деп мәлімдеді.