Норвегияда көшкін теміржол мен тас жолды қиратып, бір адам жоғалып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні таңертең Норвегияның Тронхейм қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан басты E6 магистралінде жойқын көшкін болды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Норвегиядағы көшкін салдары
Фото: Азертадж

Агенттіктің хабарлауынша, көшкін салдарынан бір көлік суға түсіп кеткен. Бір адам құтқарылса, тағы бірі із-түзсіз жоғалғандар қатарында екені айтылды.

Полицияның мәліметінше, жолдың екі жағы да толықтай қираған, бұл учаске бірнеше күнге жабық болуы мүмкін. Екі тұрғын үй эвакуацияланып, тағы бір ғимараттың қирау қаупі бар. Сонымен қатар, теміржол да зақымданып, жолдың бір бөлігі су үстінде ілініп қалған.

Құтқарушылардың айтуынша, апатқа «тірі саз» деп аталатын топырақ себеп болуы мүмкін — ол жүктеме түскен кезде тұрақтылығын жоғалтып алатын көрінеді. Ауданда көшкіндер әлі де жалғасып жатыр.

Жеңіл көліктер үшін қозғалыс айналма жолдар арқылы ұйымдастырылуы мүмкін, алайда жүк көліктері үшін жағдай күрделі болып қалып отыр.

Осыған дейін Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында орналасқан Гуанчжоу қаласының Байюнь ауданында сәрсенбі күні нөсер жаңбыр салдарынан көшкін жүріп, 14 адам үйінді астында қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар