Норвегияда кронпринцесса Метте-Мариттің ұлы қайтадан ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Норвегияның кронпринцесса Метте-Мариттің ұлы Мариус Борг Хёйби денсаулыққа қасақана зиян келтіру, пышақпен қорқыту және сот белгілеген байланысқа тыйым салу талабын бұзу күдігімен қайтадан ұсталды. Бұл туралы 2 ақпанда Осло полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
Ол өзіне қатысты басқа айыптар бойынша сот отырысы басталуына санаулы күн қалғанда ұсталды. Полиция 29 жастағы Хёйбиді қайта қылмыс жасауы мүмкін деген қауіпке байланысты қамауға алу туралы өтініш бермек. Құқық қорғау органдары болжамды жәбірленушілер туралы ақпарат таратпады.
Хёйбиге қатысты сот процесі Ослода 3 ақпанда басталып, алдын ала мәлімет бойынша наурыз айының ортасына дейін жалғасады.
Кронпринцесса ұлы зорлау және өзге де ауыр қылмыстар бойынша айыпталып отыр.
Жалпы айыптау актісі 38 тармақтан тұрады, оның ішінде төрт зорлау дерегі, сондай-ақ бірнеше бұрынғы серіктесіне қатысты физикалық және психологиялық зорлық көрсету фактілері бар. Егер оның қылмысы дәлелденсе, оған 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Бұл — Мариус Борг Хёйбидің алғашқы рет ұсталуы емес. Оған қатысты тергеу 2024 жылдан бері жүргізіліп келеді. Аталған жанжал Норвегия корольдік отбасын қиын жағдайға қалдырды. Хёйби корольдік отбасы мүшесіне жатқызылғанымен, ханзада атағына ие емес және корольдік үйдің ресми мүшесі саналмайды.