Норвегиялық мұрагер ханшайымның ұлын полиция 23 сағатқа қамады
АСТАНА. KAZINFORM— Норвегияның мұрагер ханшайымы Метте-Мариттің ұлы Мариус Борг Хойбиді полиция бұрынғы сүйіктісіне зорлық-зомбылық көрсетті, сонымен қатар мүлкіне зиян келтірді деген күдікпен ұстады, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Агенттіктің хабарлауынша, князьдік атағы да, корольдік міндеті де жоқ 27 жастағы Мариус 23 сағатын полиция бөлімшесінде өткізген.
Бірнеше күндік үнсіздіктен кейін Мариус Ослоның Фрогнер ауданындағы 26 жастағы әйелдің пәтерінде болған оқиғаға түсінік беріп, оның алкоголь мен кокаин әсерінен жасалғанын айтты.
Өз мәлімдемесінде ол түрлі психикалық бұзушылықтардан зардап шеккенін, соның салдарынан ересек өмірінде қиындықтарға тап болғанын, сонымен қатар алкогольге тәуелділіктен емделгенін, оны қайта жалғастыруға ниетті екенін мойындады.
Мариус сонымен қатар бұрынғы сүйіктісінен кешірім сұрап, оны фотографтар мен журналистердің қудалауына тап қылғанына өкініш білдірді.
Мариустың қамауға алынуы мен мәлімдемесі Норвегияда сын мен жанашырлыққа толы ең көп талқыланған тақырып болды.
Бір қызығы, осы жылдың наурыз айында Метте-Марит әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған жиынға қатысқан.
Тәж ханшайымы зорлық көрген әйелмен байланысқа шықты, ол әзірге оқиға туралы ақпарат құралдарына түсінік беруден бас тартты.
Мариустың 29 жастағы бұрынғы серіктесінің әлеуметтік желідегі «Бұрын мен де бұл адамнан психологиялық және физикалық тұрғыдан зорлық көргенмін, бірақ қазір бұл туралы үнсіз қалмауды жөн көрдім. Мұны тоқтату керек!» - деген жазбасы қоғам назарын аударды.
Айта кетейік, денеге зиян келтіретін қылмыс Норвегияның Қылмыстық кодексіндегі зорлық-зомбылық қылмысының ең оңай түрі саналады және айыппұл салуға немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.
Сондай-ақ бұзақылық және мүліктік зиян үшін айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полицияның мәліметінше, жауап алу келесі аптада өтеді.