Норвегиялық технология Қазақстан бюджетіне ондаған млрд. доллар кіріс әкеле алады

Ведомствоның ақпаратына қарағанда, отырыста палата жұмысының басты бағыттары айқындалған. Оның қызметінің негізгі аспектілерінің бірі мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық болып саналады. Жиында Қазақстанның «DNV», «Statoil», «Skatec» сынды компаниялар үшін, жеке және мемлекеттік инвестициялық қорлар үшін өзекті нарық болып табылатындығы аталып өтілді.
Роголанд губерниясы Экспортты дамыту жөніндегі агенттігінің басшысы А.Сельстад өз сөзінде Қазақстан бұған дейін өндірілуі қиын болып келген мұнай қорларын алу технологияларын енгізу есебінен мемлекет қазынасына ондаған миллиард доллар кіріс ала алатындығын атап өтті.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар әлемдік нарық конъюктурасын ескере отырып, Қазақстанның норвегиялық балық және теңіз өнімдері үшін де маңызды нарық бола алатындығын атап өтті. Осы ретте ҚР Елшісі Қайрат Әбусейітов аталған саланың болашағы зор екендігін айтты.
Отырысқа қатысушылар Алматы облысында Қазақстанның және көрші елдердің нарықтары үшін балық жүктерін өңдеу бойынша логистикалық орталық құру жобасына зор қызығушылық танытты.
Сондай-ақ отырыс барысында теңіз мұнай және газ кен орындарын игеру саласындағы мамандар мен кәсіби кадрларды дайындау ісіне барынша назар аударылды. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде бұл салада Қазақстан-Британ техникалық уинверситеті мен Ставангер (Норвегияның мұнайлы астанасы) және Буде университеттері арасында келісім жасалған.