Нөсер жауын Газадағы босқындардың шатырын шайып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторында жауған қатты нөсер мен екпінді жел Израиль шабуылдары салдарынан баспанасыз қалған палестиналықтар паналап отырған шатырларды су астында қалдырды, деп жазды Анадолы агенттігі.

Нөсер жауын Газадағы босқындардың шатырын шайып кетті
Фото: Анадолы

Басылымның жазуынша, сектордың ойпаң аймақтарында қоныс аударған бейбіт тұрғындарға уақытша пана болып тұрған кейбір шатырлар мол жауын-шашын салдарынан толықтай суға кеткен.

Метеоролог Лейс әл-Аллами «Анадолы» агенттігіне берген сұхбатында эксклавқа жаңадан төмен қысымды циклон әсер етіп жатқанын, оның нөсер жауын мен күшті желмен қатар жүріп жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, ауа райының осындай төтенше жағдайлары онсыз да өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан палестиналықтардың ахуалын одан әрі ушықтырып отыр. Олар тұрмыстық ең қарапайым жағдайдан жұрдай, өте әлсіз шатырлар мен уақытша баспаналарда күн көруге мәжбүр.

Газа билігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, шатырлар мен уақытша паналарда дерлік ешқандай қорғанышсыз тұрып жатқан шамамен 1,5 миллион қоныс аударған палестиналықтың 250 мыңнан астамы қолайсыз ауа райынан тікелей зардап шеккен.

— Сонымен қатар, бірнеше айға созылған Израиль шабуылдары кезінде зақымданған көптеген тұрғын үйлер қатты жауын мен желдің салдарынан қирап қалды. Балама баспана жоқ, ал Израиль уақытша паналар, құрылыс және қалпына келтіру материалдарының жеткізілуіне тосқауыл қойып отырғандықтан, палестиналықтар толық қирау қаупі жоғары зақымданған үйлерде өмір сүруді жалғастыруға мәжбүр, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың аса күрделі күйде қалып отырғаны, әсіресе балалар үшін ахуалдың өте ауыр екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар