Нота білмейтін халықтың мың күйді шығаруы - кез-келген халықтың маңдайына бұйырмаған қасиет - М.Құл-Мұхаммед

ТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын жеделдетіп қолданысқа енгізбесе, Батырлар жырындағы Алпамыс өзбектің, Қобыланды қарақалпақтың, Қыз Жібек ноғайдың, Қозы-Көрпеш Алтай халықтарының мұрасы болып шыға келуі мүмкін.
None
None

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында аталмыш конвенцияның мақсат-міндеттері жөнінде баяндаған Мәдениет министрі осылай деді. Министр мырзаның айтуынша, «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қазір аса қажет құжаттардың бірі болып отыр. Аса қажет дейтін себебіміз, аталмыш конвенция адамзаттың материалдық емес, мәдени құндылықтарын қорғау, ол туралы ақпаратты жинақтап, оны жан-жақты зерттеу мақсатында тиісті шара қолдану сияқты өзекті мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар ол осы мәселелерді тек бір мемлекеттің шеңберінде ғана емес, халықаралық ынтымақтастық деңгейінде жүзеге асыруға ықпал етпек.

«Аталмыш конвенция 2003 жылдың 17-ші қазанында Париж қаласында ЮНЭСКО тарапынан қабылданып, бүгінде оған 137 мемлекет мүше болып отыр. Дүниежүзінің 137 мемлекеті қосылып отырған конвенцияға Қазақстанның қосылуы аса қажет. Себебі, бұл материалдық емес мәдени мұраны қорғауда өте үлкен рөл атқарып отырған құжаттардың бірі. Оған дәстүр мен салт, әр халықтың орындаушылық өнері, әдеп-ғұрыптар мен жөн-жоралғылар, мерекелер мен дәстүрлі кәсіптерге байланысты білімдер мен дағдылар қамтылған. Және бір айта кететін мәселе, талқыға ұсынылып отырған конвенция шеңберінде дүниежүзілік мәдени мұра тізімінің аналогы, адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының көрнекі тізілімі жасалған. Бұл тізімге әзірбайжандар кілем тоқу өнерін, Армения дудукат аспабында ойнау өнерін, Грекия Жерорта теңізі диетасын, Грузия ән айту дәстүрін, Испания фламинго биін, Қытай калиграфиясын, Түркия көлеңкелер театрын кіргізіп алған. Өкінішке орай бұл дүниежүзілік тізімге Қазақстан тарапынан әлі бірде-бір нысан кірмеген. Оның себебі де түсінікті. Қазақстан бұл құжатқа мүше емес»,-дейді министр.

Оның сөзінше, еліміздің мәдени мұрасының қаншалықты бай екендігін ескерсек, Қазақстанның да бұл тізімге ұсынары жетерлік. Домбырамен ән айту, домбырада күй ойнау, қобызбен күй ойнау сияқты тек қана қазақ халқына ғана тән материалдық емес мұра әлемдік тізімді байыта түсетіні күмәнсіз. Сол себепті де, елімізде осы уақытта Қозы Көрпеш, Баян сұлу, Қыз Жібек, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр сияқты халық шығармашылығының үлгілерін және айтыс өнерін номинациялауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Қазір біз Мәдениет министрлігінің шеңберінде қазақтың мың күйі, қазақтың мың әні жобалары бойынша, қазақ халқының бүкіл батырлар жырын түгендеп, Қобыланды батыр бастаған 50 батырлар жырының аудио дыбыс жазбаларын жүргізуді бастадық. Ол сәтін салса, ол келесі жылы шығып та қалуы мүмкін. Дегенмен батырлар жырындағы кейіпкерлер түркі халықтарының ортақ мұрасы екендігін ұмытпауымыз керек. Осы ретте конвенцияны бүгін қабылдап ратификацияламасақ, ертең алдында атап өткен құндылықтарымыз өзге елдердің мұрасы болып кетуі де ықтималдығын айта кеткен жөн», - дейді министр.

Ол келтірген деректерге сенсек, қазіргі таңда бірқатар араб мемлекеттері сұңқармен аңшылық жасау мәселесін көтеріп, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізіп, халықаралық мұраны төріне шығарып қойған. Ал біз конвенцияны кешіктіретін болсақ, бүркітпен аң аулауды моңғол ағайындар иеленіп кету қаупі бар. Сондықтан конвенцияға қосылу қажет. Сонда ғана біздің ұлттық мәдени мұраларымызды халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік тумақ. «Біз қырғыз елінің Манас эпосы ЮНЕСКО-ның тізіміне 2009 жылы Қытай мемлекетінің атынан енгізіліп, сол тізімнің төрінде тұрғандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан бұл мәселе шұғыл түрде қолға алынуы керек. Оның үстіне осы тізімге мәдени құндылықтарымызды енгізсек, оларды халықаралық деңгейде қорғап, қажетті жағдайда халықаралық көмек алудың мүмкіндігі тумақ», - деді М.Құл-Мұхаммед.

Осы орайда халық қалаулыларының сауалдарына жауап бере кеткен министрдің мәліметтерінше, министрлік осы уақытта конвенция тізіміндегі материалдық емес мәдени мұралардың тізімін дайындау жұмысын бастап та кеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар тек тізбені жасаумен ғана шектеліп қоймай, сол тізбедегі дүниелерді шығарып, халықтың игілігіне айналдыруға да күш салынып отыр. Айталық «Қазақтың мың күйі» атты үлкен жоба дүние жүзіндегі екі халықтың бірінде жоқ. Жалпы алып қарағанда, нота білмейтін халықтың мың күйді шығаруы кез-келген халықтың маңдайына бұйырмаған қасиет болса керек. Сондықтан халықаралық деңгейдегі материалдық емес мәдени құндылықтардың тізіміне бірінші кезекте домбырамен ойналатын күй, қобызбен ойналатын күй, айтыс өнері, бүркітпен аңға шығу сияқты жобалар бірінші кезекте енгізілмек. Екіншіден, мәдени мұраның деңгейінде «Бабалар сөзі» деген атпен халықтық дастан жырлар жөнінде арнайы жинақ дайындалуда. Ол шамамен 100 томға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде осы жинақтың 80-нен астам томы жарық көріп үлгерген. Бұл да материалдық емес дүниелердің тізіміне енетін құндылықтар болмақ. Бұған қоса мәдени мұраның тасымалдағышы ретінде қазақ тілінің де қажеттілігі арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан елде материалдық емес мұраны насихаттау арқылы сол мұра жасалған тілді де насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз. «Бұл шара, сөз жоқ, мемлекеттік тілді насихаттауға игілігін тигізетін болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар