Ноталар дертке дауа бола ала ма – музыка-терапевтпен сұхбат
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Гүлбақыт Мухамадиева кәсіби музыкант әрі педагог-психолог. Бүгінде ол ерекше қажеттіліктері бар пациенттердің өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған орталықта музыка-терапевт болып жұмыс істейді. Әр күнін балаларға жақсы көңіл-күй сыйлауға, танымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытуға арнап жүр. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып, музыка терапиясының балаларға тигізер пайдасы туралы біліп көрді.

— Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ…
— Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тудым. Өскемен қаласындағы бұрынғы Өнер колледжінде арнайы орта кәсіптік білім алдым. Ежелгі қазақ халық аспабы шертерде ойнаймын. 2011 жылы мектепте шертер сыныбын аштым. Бірақ балалармен жұмыс істеп жүргенде білімімнің жеткіліксіз екендігін сездім. Олардың психологиялық жағдайын түсінуді, сезімдерін басқара алуды үйрету үшін ары қарай оқуға бекіндім. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында «музыкалық білім берудегі педагогика және психология» мамандығына түстім. Оқу барысында музыканың балалар арасындағы әртүрлі дертке дауа болатынын біліп, зерттей бастадым.

— Музыка терапиясының қандай артықшылығы бар?
— Музыка терапиясы — барлық баланың қызығушылығын оятып, жаңа дүниені үйренулеріне септігін тигізеді. Балалар өздерінің қабылдауына жеңіл музыка, би, ойын арқылы жаңаға тез үйренеді. Музыка терапияның ең басты ерекшелігі — құрсақтағы сәбиден, қартайған адамға дейін қолдануға болатындығында. Адамға еш зияны, қарсы көрсетілімі жоқ. Науқастың жасына, дертіне қарамастан музыка барлық балаға оң әсер етеді. Тағы бір артықшылығы — қолданудың жеңілдігі, қарапайымдылығы. Негізінен біздің кейде музыка тыңдап тынығып жүргеніміздің өзі терапия ғой, тек оның музыка терапиясы деп аталатынын біле бермейміз. «Нотаның тілі — әлемнің тілі» деп жатады, сондықтан да болар мелодия, ритм барлығына ортақ.
— Ерекше ем алуды талап ететін балаларға музыканың әсері қандай?
— Церебралды сал ауруы, аутизм, ақыл-ой дамуының тежелуі, сөйлеу дамуының кешігуі диагнозы қойылған балалар бірнеше сабақтан соң жан-жағына қарап жымиып, кері байланыс жасай бастайды. Аспаптың дыбысын тыңдап, ұстап көріп, ұсақ моторикаларын да дамытады. Қазір мендегі ең кіші «Бөбек» бөлімінде 50 бала бар. Ерекше балалармен жұмыс барысында музыканы баланың жас ерекшелігіне, диагнозына қарай таңдаймыз. Ауыр науқастарға алғашқы сабақтарда бірқалыпты баяу, тыныштық сезімін сыйлайтын музыкалар қосылады. Екінші, үшінші сабақтан бастап музыка ырғағын сәл арттырамыз. Музыка тілімен айтқанда адажио, полька қосамыз. Музыка баланы жағымсыз көңіл-күйден арылтып, жақсы эмоциялар тудырады. Стресс гормондарын төмендетеді. Біздің сөйлеуіміздегі дыбыс сазы, дауыс ырғағы бұның бәрі музыка терапияға жатады. Сол себепті балаға жағымды, байыпты үнмен тіл қатқан жөн.
Ата-аналар «баламыз тыныштыққа үйренген, шуды көтере алмайды» деп шағымданып жатады. Алайда бала бірнеше сабақтан соң басын көтеріп, көзімен контакт орната бастайды. Шығыс ғалымы, дәрігер Ибн Сина невралогиялық, психологиялық ауруларға музыканың оң әсері жайлы нақты жазып кеткен. Тұтықпаны түзетуге де таптырмас құрал деуге болады. Атақты француз актері Жерар Депардье өзінің тұтықпасын музыка арқылы түзетті деген де дерек бар.

— Музыка терапиясының сабақтары қалай өтеді?
— Сабақ аптасына жекелей екі рет, топтық бір рет өтеді. Арнайы бағдарлама бойынша ойын терапевтімен бірге өткіземіз. Балалармен сәлемдескен соң, сергітіп аламыз. Сылдырмақ, асатаяқ сынды ұрмалы аспаптар қолданамыз. Дыбыс шығара алатын, бірақ сөйлей алмайтын балаларға а-а-а немесе у-у-у деп создырып айттырамыз. Сөйлей алатын балаларға вокалдық терапияны қолданамыз. Бұдан өзге dance терапия, аспаптық терапия, ертегі терапия, рецептивті терапия бар. Ойлау қабілеті сақталған балаларға мазмұны, айтар ойы бар әндерді қосамыз. Өлең сөздері арқылы ырғақты өзгертіп отырып ән айтамыз. Мысалы, «барабанмен қатты ойнаймыз, ақырын ойнаймыз» деп әндетіп сөзге сәйкес аспапты ұрып отырамыз. Бұл ритмді сезуге, мидың екі жарты шарын қозғауға көмектеседі.
— Ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай кеңес бересіз?
— Әр бала — ата-анасы үшін бір әлем. Аналар «баламыз қасық ұстап кетсе екен, өзі отырып-тұруды үйренсе екен» деген үмітпен келеді. Біз де қолымыздан келгенше әр баламен тыңғылықты жұмыс істеуге тырысамыз. Орталыққа келіп жүрген балалардың ата-аналары да бірге отырып демалып қалады. Аналарға перзенттерін оңалтуға байланысты бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңес айтамыз. Кей балалар барғысы келмей ата-аналарына манипуляция жасайды. Сол себепті алдап көндіріп, оңалтуға бағыттап, үйде де жұмыс істеген жөн. Балалар қайтар кезде ата-аналарына үйде жасауға ұсынылатын әдіс-тәсілдерді рет-ретімен жазып беремін.
— Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
— Жолдасым Дәурен Шығыс Қазақстанның тумасы, өнер адамы, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Өскеменде танысып, шаңырақ көтердік. Ол мені үнемі қолдап отырады. Бүгінде өзі әскери музыкант, оркестрде үрлемелі аспапта ойнайды. Екі баламыз бар.
Меніңше, әр ата-ана балаларының үйде асыр салып ойнағанына шын қуануы керек. Қызығушылық танытып қойған сұрақтарына жауап беріп, сабыр таяғына таянуы қажет деп ойлаймын. Балалар әр даму кезеңінде дағдарыстан өтеді. Әсіресе үш, бес жастарында балаңызды қолдаңыз. Бос уақытын ұйымдастырып, серуендеп, үнемі әңгімелесіп жүріңіздер дегім келеді.
— Әңгімеңізге көп рахмет!