Нотариустар коллекторлық компаниялармен жеке пайдасы үшін ымыраласқан – Әділет министрі

АСТАНА. KAZINFORM –  Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында атқарушылық жазба әзірлеу механизмі автоматтандырылатынын айтты.

Ерлан Сәрсембаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Келесі мәселе – атқарушылық жазба жасау механизмін жетілдіру. Өкінішке қарай, аталған мәселе бойынша теріс тәжірибе қалыптасты. Атқарушылық жазбалар борышкердің жазбаша мойындауы болмаса да жасалған. Оның үстіне борышкерлердің тұрғылықты жері сақталмаған. Мұны микроқаржы ұйымдарымен, коллекторлық компаниялармен және жеке сот орындаушымен алдын ала келісім бойынша өз пайдасын ойлайтын нотариустар жасаған, - деді министр.

Ведомство мәселені шешу үшін бірқатар жүйелі қадамдарды жоспарлап отырған көрінеді.

- Бұл көрсетілетін қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, «Е-нотариат» ақпараттық жүйесінде «Тараптардың жеке кабинетін» биометриялық сәйкестендірумен ашуды қамтамасыз етеміз. «Жеке кабинет» арқылы өндіріп алушы мен борышкерге қарсылық беру не берешекті уақытылы төлеу мүмкіндігін береміз. Жазбаша мәмілелер бойынша атқарушылық жазбаларды автоматты түрде бөлу арқылы өндіріп алушы мен жеке сот орындаушының келісуін жоюмыз. Аумақтылық қағидатының сақталуын бақылаймыз. Нотариустардың басқа өңірдің атқарушылық жазбасын жасауына тыйым саламыз. Тараптарға атқарушылық жазба туралы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық жобасы іске қосылды. Мәселен, борышкерлер нотариустың хабарламасын алып, берешегін уақытылы төлеуде, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Айта кетейік, кейінгі үш жылда нотариустардың қызметі 28% қымбаттаған. 

Соңғы жаңалықтар