Новак Джокович Париж олимпиадасына қатысатын болды

АСТАНА. KAZINFORM — «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 3-ракеткасы, 37 жастағы Новак Джокович Париж олимпиадасына қатысады.

джокович
Фото: championat.ccom

Сербия ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, Н.Джоковичпен бірге Парижде 33 жастағы Душан Лайович бақ сынайды.

Осы айдың басында Джокович Ролан Гаррос турнирінде жарақат алып, жарыстан шығып қалған болатын. Қазіргі кезде отадан кейін қалпына келуден өтуде.

Оның Уимблдон додасына қатысуы әзірге белгісіз болып отыр. 

Олимпиадада теннис турнирі топырақ төсенішіндегі корттарда 27 шілде — 4 тамыз аралығында өтеді. Новак Токио олимпиадасында 4-орын алған болатын. 

Ресей теннис федерациясы да олимпиадада өнер көрсететін ойыншылар тізімін жариялады.

Әлемнің 5-ракеткасы Даниил Медведев бастаған ресейлік теннисшілер бейтарап елдің атынан сынға түсетін болады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын олимпиада қарсаңында Қазақстан спортшыларының қандай табыстарға қол жеткізгенін, олқылықтар қандай екендігін жазған болатынбыз.