Новак Джокович «Үлкен дулыға» турнирін 23 рет ұтып, рекорд орнатты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің 3-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович Ролан Гаррос турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Осыған дейін «Үлкен дулыға» жарыстарының 22 дүркін чемпионы атанған сербиялық спортшы финалда әлемнің 4-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен бас жүлдені сарапқа салды.

Н.Джокович бірінші партияда тай-брейкте айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).

Содан кейін сербиялық теннисші күш ала түсті – 6:3.

Үшінші сетте есеп 5:5 болған мезетте брейк жасаған Новак матчқа доп бергенде, бет қаратқан жоқ – 7:5.

Үш сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Н.Джокович 11 эйс жасап, 10 брейк пойнттың үшеуін пайдаланды. К.Рууд 4 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Новак Джокович Ролан Гаррос жарысында үшінші рет үздік шықты.

Өз спорттық жолында «Үлкен дулыға» турнирін 23 рет ұтқан Н.Джокович теннис тарихында ең атақты ойыншы атанып, рекорд орнатты. Бұған дейін ол 22 титулы бар испаниялық Рафаэль Надальмен иық теңестіріп тұрған-ды.

Джокович Australian Open додасында 10, Уимблдонда 7, US Open мен Ролан Гарроста үш реттен жеңімпаз атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ига Швентектің Ролан Гаррос турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Михаил Кукушкин АҚШ-тағы жарыстың финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар