Новак Джокович жылдың қорытынды турнирінде ойнаудан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 5-ракеткасы Новак Джокович Турин қаласында (Италия) 9-16 қарашада өтетін ATP қорытынды турниріне қатыспайтын болды.

Новак Джокович
Фото: championat.com

Новак Джокович сенбі күні Афины (Грекия) АТР 250 жарысының финалында италиялық Лоренцо Музеттиді 4:6, 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп ол кәсіби жолындағы 101-титулын жеңіп алды. 

Теннисші жылдың басты жарысының бірінен бас тартуының себебі – алған жарақаттарының салдарынан деп түсіндірді. 

- Мен Туриндегі турнирді онда барымды салу үшін асыға күттім. Бірақ Афиныдағы финалдан кейін жарақатымның жалғасуына байланысты жарысқа қатыса алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Менің ойынымды көргісі келген жанкүйерлерден шын жүрегіммен кешірім сұраймын, олардың қолдауы мен үшін аса маңызды. Турнирге қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін. Кортқа қайта шығатын күнімді шыдамсыздана күтемін, - деп жазды Джокович әлеуметтік желідегі парақшасында.

Туринге Н.Джоковичтің орнына АТР чемпиондық кестесінде 9-орында тұрған Л.Музетти баратын болды. Егер сегіз үздік теннисшінің тағы біреуі ойнай алмайтын болса, онда оның орнына қазақстандық Александр Бублик шақыртылады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанғанын жазған едік. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар