Новосібір-Нұр-Сұлтан бағытындағы жаңа рейс іске қосылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейлік S7 әуе компаниясы Қазақстанға қатынайтын рейстердің географиясын кеңейтті. 7 мамыр күні Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Новосібірден келген алғашқы ұшақты қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Халықаралық әуежайдың авиациялық маркетинг бөлімінің бастығы Елена Дюгайдың айтуынша, жаңа рейс жолаушыларға қомақты қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, Қиыр Шығыстағы жолаушылар тасымалдайтын рейстермен ыңғайлы байланысқа ие.
«Біз бұл күнді ұзақ күттік. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы үшін S7 әуе компаниясы - жаңа тасымалдаушы. Сол себепті алғашқы ұшақты «су аркасымен» қарсы алдық, бұл авиация дәстүрі», - деді ол.
Нұр-Султан қаласынан кету уақыты сейсенбі және сенбі күндері жергілікті уақыт бойынша 17:25 шамасында, ал 28 мамырдан бастап бейсенбі күндері рейстер орындалады. Ұшу уақыты - бір жарым сағат.
«Мен әуелі Новосібірге, содан кейін Магаданға ұшамын. Күйеуім Магаданда болғандықтан бұл бағытта жиі ұшамын. Компания өте қолайлы ұшу уақытын ұсынып отыр. Бұрын 12 сағат күтуге тура келетін. Қазір небары үш сағат. Бұл мен үшін өте ыңғайлы. Және ең маңыздысы - чемоданды алып жүрудің қажеті жоқ, жүк бірден Магаданға ұшып кете береді», - деді қуанышымен бөліскен Анастасия Захаренкова.
Экипаж командирі Петр Щелкановтың айтуынша, әуе кемесінің сыйымдылығы - 78 жолаушы. Ұшулар Embraer 170 әуе кемесімен жүзеге асырылады.